Ұрпақтар сабақтастығы: профессор В. Е. Мессерле докторанттармен кездесті
Қарттар күні мен Жоғары білім қызметкерлері күні қарсаңында Жылуфизика және техникалық физика кафедрасында кафедраның еңбегі сіңген оқытушысы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Владимир Ефремович Мессерле докторанттармен кездесті.
Ғалым өз кәсіби және өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, энергетикадағы заманауи үрдістер, атом станцияларының дамуы, көмірдің әлемдік энергетикадағы рөлі мен плазмалық технологиялардың болашағы туралы айтты. Сонымен қатар, инновациялар мен орнықты даму қағидаттарының экологиялық және қауіпсіз энергетика қалыптастырудағы маңызы талқыланды.
Кездесу барысында энергияны тиімді пайдалану, отынды ұтымды қолдану және экологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша қызу пікірталас болды. Шара соңында докторанттар профессорға шынайы алғыстарын білдіріп, факультет пен кафедра атынан Алғыс хат табысталды.
В. Е. Мессерле — әлемге танымал ғалым, 500-ден астам ғылыми жұмыстың, 15 монографияның және ондаған патенттің авторы, 15 ғылым кандидаты мен докторын дайындаған ұстаз. Ол Халықаралық энергетика академиясының және Халықаралық ақпараттандыру академиясының толық мүшесі.
Бұл кездесу студенттерге ғылымның мәні — тек зерттеу мен формула емес, білім мен тәжірибенің ұрпақтан-ұрпаққа берілуі, рухани байланыс пен шабыт көзі екенін көрсетті.
Басқа жаңалықтар