Almaty Museum of Arts-қа баруFarabi University

Almaty Museum of Arts-қа бару

17 қазан, 2025

Қазан айының басында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті Саньярова Н.С. және ТФ-274-К тобының студенттері заманауи өнердің жаңа орталығы – Almaty Museum of Arts мұражайына барды. Студенттердің айтуынша, бұл мұражай Орталық Азиядағы алғашқы жеке заманауи өнер мұражайы болып табылады және ол 2025 жылдың 9 қыркүйегінде меценат, танымал қазақстандық кәсіпкер Нұрлан Смағұловтың бастамасымен ашылған. Айта кетерлігі, мұражайдың негізін соңғы отыз жыл ішінде жиналған оның жеке коллекциясы құрайды. Онда қазақстандық өнердің 700-ден астам туындысы жинақталған. Мұражай өз коллекциясын үнемі толықтырып отырады, қазіргі заманғы Қазақстан, Орталық Азия және көршілес елдер мен өзге де аймақтардың өнеріне ерекше назар аударады. Экспозициялар түрлі медиаформаттарды, жанрларды және көзқарастарды қамтиды. Мұражайдың көлемі әсерлі – жалпы ауданы шамамен 1000 шаршы метр. Мұнда екі негізгі зал бар: Ұлы дала және Сарыарқа, онда мұражай қорларынан арнайы тақырыптық көрмелер өткізіледі. Біз Ричард Серра, Ансельм Кифер, Яёи Кусама және Билл Виола сынды суретшілердің шығармашылығына арналған арнайы бөлмелерді араладық. Сондай-ақ, Әл-Фараби трансформер-залы, дәрістерге, камералық концерттерге және кинокөрсетілімдерге арналған алаңдарды көрдік. Мұражайда кең қор сақтау орны, кафе, дүкен және басқа да бөлімдер бар. Мұражай аумағында халықаралық шеберлер — Йинку Шонибаре, Жауме Пленса және Алисия Кваде жасаған монументалды мүсіндер орнатылған. Мұражайға бару бізге заманауи өнермен жақын танысуға, қазақстандық және әлемдік суретшілердің туындыларын көруге, мәдени дүниетанымды кеңейтуге мүмкіндік берді. Бұл бірлескен іс-шара студенттер мен оқытушы үшін пайдалы әрі мазмұнды болды, себебі ол өнер туралы ғана емес, қазіргі студенттерді толғандыратын өзге де мәселелер жөнінде әңгімелесуге жағдай жасады.