ТДМ 4: Сапалы білім – өмір бойы білім алудың жаңа мүмкіндіктеріFarabi University

ТДМ 4: Сапалы білім – өмір бойы білім алудың жаңа мүмкіндіктері

17 қазан, 2025

Молекулалық биология – күн сайын жаңа жаңалықтар ашылып, адамзаттың өмір сапасын жақсартуға бағытталған тың жетістіктерге жол ашатын заманауи ғылымның қарқынды дамып келе жатқан саласы. Биохимия, генетика және физика ғылымдарының тоғысынан пайда болған бұл бағыт бүгінде медицина, ауыл шаруашылығы және биотехнология салаларына баға жетпес үлес қосып отыр. Молекулалық биология тіршіліктің негізін құрайтын белоктар мен нуклеин қышқылдарының құрылымы мен қасиеттерін, жасушалардағы биологиялық процестердің молекулалық тетіктерін зерттейді.

Бұл ғылымды меңгеру – жасушалардың құрылымдық және функционалдық ұйымдасуын, гендердің экспрессиясын және тірі жүйелердің молекулалық деңгейдегі қызметін түсінудің кілті.

Осы бағыттағы сапалы білімді қамтамасыз ету мақсатында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің молекулалық биология және генетика кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы әзірлеген «Молекулалық биология әдістері» атты онлайн-курс ерекше атап өтуге тұрарлық. Курс ҚазҰУ Жаңа білім беру технологиялары институтының және Ұлы Петр атындағы Санкт-Петербург политехникалық университетінің қолдауымен дайындалған.

Курстың негізгі авторы, доцент Айжан Избасаровна Жүсіпова жетекшілігімен жасалған бұл жоба 2021 жылы халықаралық Coursera платформасында алғаш рет жарияланып, әлемдегі ең танымал ТОП-100 онлайн-курстардың қатарына енді. Бұл – отандық жоғары білім жүйесінің халықаралық деңгейде мойындалған маңызды жетістігі.

 

2025 жылдың 16 қазанында ҚазҰУ ректоры, академик Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев пен Ұлы Петр атындағы Санкт-Петербург политехникалық университетінің ректоры, академик Андрей Иванович Рудской білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойды. Бұл келісім екі университет арасындағы академиялық серіктестікті нығайтып қана қоймай, Қазақстан мен Ресейдің ғылыми қауымдастықтарын біріктіретін жаңа сапалы білім беру мүмкіндіктерін ашады.

«Молекулалық биология әдістері» курсы – болашақ биологтар мен зерттеушілерге арналған заманауи практикалық құрал, ол білім алушыларға тек теориялық негіз беріп қана қоймай, молекулалық биология әдістерін зерттеу мен тәжірибеде қолдануға дағдыландырады.

Молекулалық биология және генетика кафедрасы