ҚазҰУ мен Қытай университеттері бірлесіп білікті мамандарды даярлайдыFarabi University

ҚазҰУ мен Қытай университеттері бірлесіп білікті мамандарды даярлайды

24 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов ҚХР Шанхай қаласы Путоу ауданы халық жиналысының Тұрақты комитеті делегациясымен кездесті. Делегацияны Тұрақты комитет төрағасының орынбасары Яо Цзюнь бастап келді.

Проректор Қытайдың жоғары оқу орындарымен және ғылыми ұйымдарымен академиялық серіктестікті тереңдетудің стратегиялық маңызын атап өтті. Еркін Дүйсенов құрметті меймандарды зерттеу университетінің қызметімен, ҚХР жоғары оқу орындары және ғылыми орталықтармен жүргізіліп жатқан ынтымақтастықтың нәтижелерімен таныстырды. Сондай-ақ өз сөзінде проректор ҚазҰУ мен Шанхай саясат және құқық университеті арасындағы көпжылдық серіктестік байланыстарды ерекше атап өтті. Аталған университетпен  оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер алмасу жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асырылып келе жатқанын айтты.

Шанхай қаласы Путоу ауданы халық жиналысы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Яо Цзюнь ілтипат білдіргені үшін алғыс айтып, ҚазҰУ-дың инфрақұрылымы мен ғылыми әлеуетін, әсіресе ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект саласындағы жетістіктерін жоғары бағалады. Сондай-ақ Яо ханым Қазақстан аумағында жұмыс істейтін қытайлық компаниялар үшін жоғары білікті мамандар даярлау бағытындағы байланыстарды нығайтуға мүдделі екендіктерін жеткізді.

Кездесу қорытындысында тараптар кадр даярлау, тәжірибе алмасу және білім мен ғылым салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағыттарын талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі