Республика күніне арналған Ерлік сабағыFarabi University

Республика күніне арналған Ерлік сабағы

25 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әскери кафедрасы Республика күніне орай ұйымдастырған «Менің Қазақстаным!» атты патриоттық акциясының қорытындысы ретінде  Алматы қаласындағы ҚР Қарулы Күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи музейі филиалында «Қазақстан қаһармандары» атты Ерлік сабағын өткізді.

Сабақ алдында музей қызметкерлері студенттерге жаңартылған залдар мен әскери техника көрмесін таныстырып, мазмұнды экскурсия өткізді. Болашақ офицерлер көрмелерді қызығушылықпен тамашалап, ел тарихының жаңа беттерін және халықтың жауынгерлік дәстүрлерін таныды. Студенттер Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі қару-жарақ үлгілерімен, әскери жабдықтармен және марапаттармен танысты.

 

Музейде 1941 жылы Алматыда құрылған аты аңызға айналған 316-шы атқыштар дивизиясы тарихына ерекше орын берілген. Сондай-ақ студенттерге Ауған соғысы жылдары туралы айтылып, сол соғыста қаза тапқан қазақстандықтардың есімі көрсетілген зал таныстырылды.

Ерлік сабағы барысында генерал Панфиловтың немересі, музей филиалының директоры Алуа Байқадамова студенттерге қазақстандықтардың майдандағы ерлігі мен Панфилов дивизиясының Мәскеу түбіндегі шайқастағы рөлі туралы әңгімелеп берді. Ол Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әскери кафедрасының басшылығына патриоттық бағыттағы белсенді жұмысы үшін алғыс білдіріп, студенттерді Республика күнімен құттықтады.

«Сендер – еліміздің болашағысыңдар! Ата-бабаларымыздың ерліктеріне лайық болыңдар», – деді өз сөзінде Алуа Байқадамова.

«Музей бізге қатты ұнады. Экспозициялар өте әсерлі. Бұл – аталарымыз бен бабаларымыздың даңқты ерлігінің естелігі. Ешкім де ұмытылған жоқ, ештеңе де ұмыт болған жоқ. Тек мақтаныш пен алғыс сезімі қалды. Патриоттық рухымыз ерекше көтерілді», – деп өз әсерімен бөлісті әскери кафедра студенті Арсен Бейбіт.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі