25-қазан Қазақстан республика күніне орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Ә.О.Оспанның ұйымдастыруымен «Индустриализация, инновация и инфраструктура» атты №9 ЦУР аясында «Русский язык как иностранный» мамандығының 3курс студенттері мен «Биомедицина» мамандығының 1курс студенттері бірлесе отырып Алматы қаласындағы жаңадан бой көтерген, заманауи өнердің ошағы атанған Нұрлан Смағұлов атындағы арт-музеймен танысты. Аталған экскурсияның басты мақсаты студенттерді ұлттық мәдениетпен таныстыра отырып, эстетикалық қабылдауды дамыту және мәдениетаралық байланыс орнату болып табылады. Сондай-ақ шетелдік студенттердің мәдени ой-танымын кеңейту және қазақ халқының заманауи өнерімен таныстыру, еліміздің мәдени мұрасына деген қызығушылығын оята білу.

Экскурсия барысында студенттер XX-XXI ғасырлардағы қазақстандық және ұлтаралық өнермен танысты. Экскурсовод атақты суретшілер мен олардың негізгі тақырыптары және бағыттары туралы баяндады. Әсіресе, ұлттық сәйкестікті айқындайтын заманауи Қазақстандық образдар мен аймақтық табиғат көрініс тапқан жұмыстарға баса назар аударылды.
Жалпы алғанда музеймен таныстық студенттердің көңілінен шықты десек болады. Филолог студенттерді музейдегі фольклордың визуалды интерпретациялары, әдеби сюжеттер мен мифтер орын алған жұмыстар қызықтырған болса, биологтар табиғат тематикасына айрықша зер салды. Екі мамандық тобы да түрікмен студенттерінен құрылғандықтан өздері білім алып жатқан өлкенің мәдениеті және өнерімен танысу оларға ерекше шабыт сыйлады, қуаттандырды. Экскурсия оларға жай ғана музеймен танысу емес, сонымен қатар қазақ өнерінің контекстін тереңінен түсінуге және өзін студенттік одақтың бір бөлшегі ретінде сезінуге ықпал жасады.
Қорыта келгенде аталған кезекті экскурсия топ эдвайзері мен студенттер арасындағы жылы және жайдарлы, достық атмосфераның ары қарай өрбуіне себеп болды. Осы секілді топтық жүздесулер студенттердің бір-бірлерімен ашық түрдегі пікірсайыс орнатып, көрісуден кейінгі өз алған әсерімен бөлісіп, өзін-өзі танытумен қатар топтық тығыз байланыс орнатуға жәрдемдеседі. Сондай-ақ музейлерге саяхат патриоттық, эстетикалық және мәдениетаралық тәрбиенің қалыптасуына жол ашатындығы айқын. Аталған іс-шара әр түрлі мамандық студенттерін біріктіріп қана қоймай, сонымен қатар олардың өнерге деген қызығушылығы мен мәдениетке хабардарлығын дамытуға ықпал етті деген ойдамыз.
Оспан А.О.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ