Ақпараттық технологиялар бойынша тәжірибе алмасу
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ҚХР-дағы H3C Technologies компаниясының Қазақстан бойынша басшысы Чен Янлин бастаған делегацияны қабылдады.
Кездесуде екі тарап ҚазҰУ базасындағы суперкомпьютерді тиімді пайдалануда жәрдемдесу, жаңа технологияларды енгізу бойынша ынтымақтастық орнату жөнінде пікір алмасты.

Жүздесуге ҚР ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Махмұт Томанов, компанияның Қазақстандағы техникалық шешімдер департаментінің директоры Қуат Тұяқбаев және менеджер Лянг Жен қатысты.
Құрметті қонақтар компанияның негізгі қызметі туралы баяндап, қай бағытта серіктестікті арттыруға болатыны жөнінде мәлімет берді.

«Компания Қытайдың 500-ге жуық университетімен, ғылыми ұйымдары және институттарымен тығыз жұмыс істейді. Ақпараттық технология бағытында мол тәжірибеміз бар. Осы тұрғыда ҚазҰУ-мен байланыс орнатып, бірге жұмыс істеуге дайынбыз», – деді H3C Technologies компаниясының Қазақстан бойынша басшысы Чен Янлин.

Өз кезегінде Жансейіт Түймебаев жауапты мамандарға арнайы жұмыс тобын құрып, ортақ талқылауды тапсырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар