Қазіргі жаһандану және технологиялық үдерістер қарқынды жүріп жатқан заманда білім беру жүйесі жаңа талаптарға бейімделуі қажет. БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының төртінші тармағы – «Сапалы білім беру» қағидасына сәйкес, білім беру саласындағы өзгерістерді талқылау және жаңа мүмкіндіктерді қарастыру маңызды міндеттердің бірі. Осыған орай, география және табиғатты пайдалану факультетінің «Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» мамандығының студенттерімен ашық куратор-эдвайзерлік сабақ өтті.
Біз үшін ұйымдастырылған ашық куратор-эдвайзерлік сабақ болашақ біліміміз бен кәсіби дамуымыз туралы ойлануға үлкен түрткі болды. Сабақтың негізгі тақырыбы – «Өзгерістер дәуіріндегі білім беру жүйелері», ал оның қонағы ретінде доцент м.а. Айна Ақанқызы бізге өте маңызды ақпараттармен бөлісті. Айна Ақанқызының баяндамасында айтылған академиялық ұтқырлық пен халықаралық бағдарламаларға деген қызығушылығымыз артты. Ұстазымыз бізге Erasmus+, студенттік алмасу бағдарламалары, шетелдік ЖОО-ларға оқуға түсу жолдары туралы егжей-тегжейлі түсіндірді.
Әсіресе академиялық ұтқырлықтың студенттер үшін маңызы туралы айтылған ой қатты әсер етті. Бұл бағдарламалар бізге жаңа білім алып қана қоймай, жаңа ортаға бейімделуді, мәдениетаралық байланыстар орнатуды және болашақта бәсекеге қабілетті маман болуды үйретеді. Басқа елдің білім беру жүйесінде оқып көру – бұл тек диплом алу ғана емес, жаңа тәжірибе, тілдік дағдыларды дамыту, кәсіби байланысты кеңейту деген сөз.
Айна Ақанқызы Erasmus+ бағдарламасының қалай жұмыс істейтіні туралы толығырақ айтып берді. Бізге ұнағаны – гранттық қаржыландыру мүмкіндігі, яғни студенттер оқу ақысы мен тұру шығындарына қаржылай қолдау ала алады. Бұл біз үшін үлкен мотивация болды.
Ең маңыздысы, біз осы кездесуден кейін өз болашағымыз туралы нақтырақ ойлана бастадық. Біз үшін тек университет бағдарламалары туралы ақпарат алу емес, өз болашағымызды басқа қырынан көруге мүмкіндік берген ерекше кездесу болды. Академиялық ұтқырлық – бұл әрбір студенттің өз болашағына инвестиция жасайтын мүмкіндігі. Ендігі мақсат – осы бағдарламаларға қатысып, халықаралық білім беру кеңістігінде өз орнымызды табу. Бұл кездесу сапалы білім алудың шекарасы жоқ екенін және әркімнің өз болашағын өзі қалыптастыра алатынын түсіндірді.
Жаннұр ТҰРСЫНБЕКҚЫЗЫ,
«Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» мамандығының 2-курс студенті
Басқа жаңалықтар