Көктемнің осы бір шуақты күні қарашаңырақ ҚазҰУ алаңында “Керемет” студенттерді қолдау орталығының ұйымдастыруымен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы өтті. Мерекелік іс-шара Қыдыр атаның ақ батасымен ашылды. Шара барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы: “Елімізге береке-бірлік, әрбір жанұяға бақыт, жақсылықтар тілейміз. Бүгін мереке қарсаңында алаңның ашылуы барлығы да сіздер үшін. Алдағы уақытта алаңға ат беріледі. Бүгінгі мереке тек қана басы. 16 сәуір күні сыртқы істер министрлігімен әлемдік деңгейде Наурыз мейрамын атап өтеміз деп жоспарлап отырмыз. Әрбір мерекелік жиындарда басымызды қосатын киелі үлкен қарашаңырақ ҚазҰУ жасай берсін! ”, – деген ақ тілегін арнады.
Мерекелік жиынға оқу ордасының барлық факультет, кафедра басшылары, оқытушылар мен студенттер және арнайы шақыртылған қонақтар қатысты. Мерекелік жиында киіз үй де тігіліп, дастархан жайылып, ұлттық ойындар мен әсем әндер де шырқалды. Жатақхана студенттерінің арасында “Шілдехана”, “Беташар, сәлем салу”, “Құда табақ”, “Тұсау кесер” сынды ұлттық салт-дәстүр түрлерінен көріністер көрсетілді. “Тұсау кесер” дәстүрін көрсету барысында білім ордасының ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы: “Бақытты, дамыған, көрікті еліміздің алдыңғы қатарлы азаматы болсын! Сабыр бала ата-анасының, әулетінің көз қуанышы, қазақ елінің мақтанышы болсын!”, – деген тілегін арнап, Сабыр атты баланың тұсауын ала жіппен кесті.
Сондай-ақ, жастар арасында “Арқан тартыс”, “Бұқа тартыс”, “Күрес”, “Гір көтеру”, “Тоғызқұмалақ”, “Қол күрестіру” ойындарынан сайыс өткізіліп, нәтижесінде химия факультетінің 1-курс магистранты Ерсін Кәрібаев I орын, биология факультетінің студенті Бейсен Құмар II орын және III орынды Смағұл Жақсылық иеленді. Сонымен қатар, тоғызқұмалақ ойынынан химия, биология факультетінің студенттері Алтынгүл Нағыманова, Әліпұлы Әмір, Айнұр Молдахметова жүлделі орындарға ие болды. “Жалпы наурыз мерекесінде ұлттық ойындардан сайыс жыл сайын ұйымдастырылады. Ойын өте керемет, қызықты өтті. Бұл сайысқа студент жастармен қатар оқытушылар, қонақтар да қатысады. Ойын нәтижесінде жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталады,” – дейді тоғызқұмалақтан спорт шебері Айнұр Шахарқызы. Мерекелік іс-шара барысы өнер жұлдыздары Ғаділбек Жанай, Бейбіт Кушкалиев, “Жеті” тобы және студент жастардың ән шашуына ұласты.