АЭС-тің артықшылығы көпFarabi University

АЭС-тің артықшылығы көп

20 қазан, 2025

Қазір елімізде энергетика саласы жақсы дамып келеді. Соның ішінде әлемде жоғары сұранысқа ие – атом энер­гетикасы. Атом энергетикасы – елді ұзақ онжыл­дық­тар бойы тұрақты, экологиялық таза және қолжетімді энер­гиямен қамтамасыз етуге қабілетті перспективалы ше­шім­дердің бірі бола алады. Атом энергетикасының негізі атом электр станциясы (АЭС) екенін білесіздер. Себебі АЭС басқа да электр станцияларынан бірқатар ма­ңызды артықшылықтарға ие.

Мысалы, АЭС ауа райына қа­рамастан, электр энергия­сын үздіксіз беруді қамтамасыз етеді. Атом электр стан­ция­ла­ры парниктік газдарды іс жү­зін­де шығармайды, бұл оларды климаттың өзгеруіне қарсы күресте маңызды құрал етеді. Бүкіл әлем бойынша атом элек­тр станцияларының он­да­ған жылдар бойы жұмыс істеуі 60 миллиард тоннадан астам көмірқышқыл газының шыға­рын­дыларын болдырмауға кө­мектесті. Электр энергиясын өндіруде көмір мен газға қа­ра­ғанда отын аз мөлшерде пай­даланылады. Бұл атом энер­гия­сын экономикалық және эко­логиялық тұрғыдан негіз­дел­ген таңдау ретінде ерек­ше­лендіреді.

Экономикалық тұрғыдан қа­­растырғанда, Қазақстанда АЭС құрылысы кезеңінде 8 мыңға жуық жұмыс орны және пайдалану кезеңінде 2 мың жұмыс орны ашылады. АЭС-тің әрбір қызметкері сабақтас са­лаларда қосымша 10 жұмыс орнын құруды ынталандырады. Нәтижесінде атом стан­ция­ла­ры салынатын аймақтар да­му­ға жаңа серпін алады.

Қазіргі таңда Қазақстан әлем­дегі ең ірі уран қорына ие. Бұл еліміздің отын импортына тәуелді болмауға мүмкіндік бе­реді. АЭС құрылысы энер­ге­ти­калық тәуелсіздік пен қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ете отырып, көр­ші елдерден электр энер­гия­сын сатып алу қажеттілігін азайтады. Қазіргі заманғы үшін­ші буын реакторларында ерекше белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелері бар. Олар жер сілкінісі мен су тасқыны сияқ­ты табиғи апаттардан, сон­дай-ақ қабатты қорғаныс қабықтарының арқасында ішкі апаттардан қорғалған. Со­ны­мен қатар атом энерге­ти­ка­сын­да отынды қайта өңдеу тех­нологиялары енгізілуде. Бұл қалдықтардың 90 пайызға жуығын қайта пайдалануға мүмкіндік береді, радиоактивті қалдықтардың көлемін азай­тады.

Атом электр станциясын са­лу жобасы Қазақстан үшін маңызды стратегиялық жоба. АЭС құрылысы атом энерге­ти­касы және ядролық физика саласындағы мамандарды даяр­лауда ынталандыру бол­мақ. Қазақстанда ядролық энер­гетикамен байланысты білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобалар жұмыс іс­тейді. Атом саласының дамуы ғылыми жаңалықтар мен инно­ва­цияларға жаңа мүмкіндіктер бере отырып, жас ғалымдар мен студенттерді тартады.

Атом энергетикасы – бұл электр энергиясының сенімді көзі ғана емес, сонымен қатар Қазақстан үшін орнықты даму саласында көшбасшы болу мүмкіндігі. Экологиялық та­за­лық, экономикалық пайда, энер­­гетикалық тәуелсіздік және жұмыс орындарын құру – осының бәрі атом электр станцияларын салуды елдің болашағы үшін маңызды қадамға айналдырады. Бұл жоба Қазақстанға ағымдағы энергетикалық проблема­лар­ды шешуге және алдағы он­жыл­дықтарда орнықты даму жолында берік негіз құруға мүмкіндік беретін прогрестің қозғаушы күші бола алады.

Айкен НҰРПЕЙІСОВ,

«Ядролық физика» мамандығының 1-курс докторанты

 

Мәулен НАСУРЛЛА,

Ядролық физика

институты Төмен

энергиялы ядролық реакциялар зертханасының меңгерушісі, PhD