Арт-терапия – студенттердің әлеуетін ашудың жаңа тәсілі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Рекреациялық география және туризм кафедрасының студенттері оқу жылының басынан бері ерекше жобаны жүзеге асырып келеді. Ол – арт-терапия сабақтарын ұйымдастыру. Бұл әдіс студенттердің ішкі әлеуетін ашуға, шығармашылық ойлауын дамытуға және оқу материалдарын жеңіл қабылдауға көмек береді.
Арт-терапия сабақтары түрлі форматта өтеді: сурет салу, коллаж құрастыру, құм терапиясы, музыкалық бейнелеу, тіпті шағын қойылымдар да қолданылады. Мұндай сабақтар студенттердің эмоциялық тепе-теңдігін сақтауға, өз ойын еркін білдіруге және бір-бірімен тиімді қарым-қатынас орнатуға жол ашады.
Кафедра кураторларының айтуынша, арт-терапия инклюзивті білім беру саясаты аясында ерекше маңызға ие. «Бұл әдіс – студенттермен жұмыс істеудің жаңа мәдениеті. Біз әрбір студенттің тұлғалық дамуына жағдай жасаймыз, әсіресе коммуникациясы төмен, өз ойын ашық жеткізуде қиналатын жастарға ерекше көңіл бөлеміз. Арт-терапия олардың өз-өзіне сенімін арттырады», – дейді кафедраның аға кураторы Азамат Алматұлы.
Кураторлар мен студенттер арасындағы тұрақты байланыс пен сенім – жобаның басты қағидасы. Арнайы ұйымдастырылған кездесулерде қатысушылар оқу үдерісіндегі және жеке өмірдегі қиындықтарды ашық талқылап, бір-біріне қолдау көрсетеді.
Университет саясатында инклюзивті білім беру бағыттары мен психологиялық жайлылық ерекше орын алады. Университет студенттердің тұлғалық және эмоционалдық дамуына зор көңіл бөліп, оларды рухани тұрғыда қолдайтын орта қалыптастыруда.
Бүгінде арт-терапия әдісі әлемнің жетекші университеттерінде – Ұлыбританияның Манчестер университетінде, Финляндияның Хельсинки университетінде және Оңтүстік Кореяның Ёнсе университетінде кеңінен қолданылады. ҚазҰУ студенттері осы халықаралық тәжірибені ұлттық ерекшелікке бейімдеп, шығармашылық тәсілдермен ұштастыруда.
«Болашақ туризм және рекреация саласының мамандары адаммен жұмыс істеудің психологиялық қырларын да терең түсінуі тиіс. Арт-терапия осы дағдыларды қалыптастырып, студенттердің кәсіби даярлығын арттырады», – дейді география және табиғатты пайдалану факультеті деканының оқу әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Айман Шәкенқызы.
Кафедра ұжымы алдағы уақытта арт-терапия элементтерін студенттік клубтар мен тәрбие жұмыстарына енгізуді жоспарлап отыр. Бұл бастама ҚазҰУ-дың «Адам мен қоғам үйлесімі» қағидатына негізделген ғылыми-білім беру моделінің жарқын көрінісі болып табылады.
Руслан Байбөриев,
PhD, Рекреациялық география және туризм кафедрасының меңгерушісі
Басқа жаңалықтар