Экология мен салауатты өмір салтын ұштастырды
Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде Түркітану және тіл теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен «Түркітану» мамандығының 1-курс студенттері арасында ерекше мазмұнды іс-шара – Эко-спорт күні өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің спортқа деген қызығушылығын арттырумен қатар, экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғаудың маңызын дәріптеу. Қазіргі қоғамда экология мәселесі күн тәртібінен түспей тұрғаны белгілі. Сондықтан бұл шара білім ордасындағы жастардың салауатты өмір салтын табиғатты аялау мәдениетімен үйлестірген маңызды қадам болды.
Эко-спорт күні бағдарламасы мазмұнға бай әрі қызықты өтті. Студенттер табиғат аясында велошеру ұйымдастырып, таза ауада сергіді. Жүгіру марафоны олардың төзімділігін сынап, спорттық жігерін арттырды. Сонымен қатар ашық алаңдағы жаттығулар жастардың денсаулығын нығайтуға бағытталды. Ал ерекше мәнге ие болған «Zero Plastic Day» акциясы бір күн бойы пластик заттарды қолданбауға шақырып, экологиялық жауапкершіліктің нақты үлгісін көрсетті.
Шара барысында студенттер тек спортпен шектелмей, ұйымшылдық пен ынтымақтастық танытты. Бір-біріне қолдау білдіріп, ортақ мақсат жолында біріге әрекет етті. Бұл жас буынның ұжымдық рухын арттырып, достық қарым-қатынастарын нығайта түскен сәттердің бірі болды.
Студенттердің көңіл күйлері көтеріңкі, белсенділіктері жоғары болды. Олар табиғат аясында сергіп қана қоймай, экологиялық ойлау мәдениетіне бойлап, табиғатты қорғаудың әр адам үшін жеке жауапкершілік екенін ұғынды.
Факультет пен кафедра ұжымы студенттердің осындай бастамаларға белсенді араласуын әрдайым қолдап келеді. Мұндай іс-шаралар жастардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, экологиялық сананы тәрбиелеудің тиімді құралы.
Эко-спорт күні тек бір күндік мереке емес, студенттер үшін өмірлік тәжірибе, болашақта табиғатты қорғау бағытындағы жаңа жобаларға серпін беретін бастама болды. Университет қабырғасынан басталған осындай игі қадамдар жас буынды экологиялық мәдениеті жоғары, жауапты азамат етіп қалыптастыруға ықпал етеді.
Эко-спорт күні спорт пен экологияны тоғыстырған ерекше жоба ретінде есте қалды. Жас түркітанушылардың белсенділігі олардың алдағы уақытта да қоғамның дамуына, табиғатты қорғау ісіне өз үлестерін қосатынына сенім ұялатады. Бұл бастама болашақ ұрпақ үшін жасалған жарқын үлгі болды.
Қанат ӘШІРҚҰЛОВ,
Түркітану және тіл теориясы кафедрасының
аға эдвайзері
Басқа жаңалықтар