Заң ғылымының дамуына ҚазҰУ үлесі зор
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Фараби кітапханасында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараның мақсаты – тәуелсіз мемлекеттің Негізгі заңы ретінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық дамуын қорытындылау. Конференцияға жетекші отандық және шетелдік заңгер-ғалымдар, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, оқытушы-ғалымдар, сондай-ақ заң факультетінің докторанттары мен магистранттары қатысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев қатысушыларға өз құттықтауын жолдады.
«Тәуелсіз еліміздің тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз етудегі негізгі заңның стратегиялық рөлі ерекше. Конституцияға енгізілген идеялар Мемлекет басшысы айқындаған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасында заңды жалғасын тапқан. Конституция идеяларын жүзеге асыруда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ерекше рөл атқарады», – делінген құттықтауда.
Пленарлық отырыста Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Мәмидің құттықтау хаты оқылды. «Қазіргі уақытта бүкіл әлемде түбегейлі өзгерістер орын алуда. Адам құқықтарын қамтамасыз ету мен қорғау, қоғамдық қатынастар жүйесі мен мемлекеттің тұтас жүйесі бірінші орынға шықты. Конституция – Қазақстанның тұрақты даму жүйесін құру мен адам және азамат құқықтарын қорғаудың негізі болып табылады», – деп атап өтті Қайрат Мәми.
Конференцияға қатысушылар ҚазҰУ-дың еліміздегі заң ғылымының дамуына және жоғары білікті заңгерлерді даярлауға ерекше үлес қосқанын айрықша атап өтті. Бұл оқу орнында Салық Зиманов, Мұрат Баймаханов, Сұлтан Сартаев сынды көрнекті ғалым-конституционалистер еңбек еткен. Олардың құқықтық мемлекет, адам құқықтарының басымдығы, заң мен сот алдындағы теңдік, ұлттық мемлекеттілікті нығайту идеялары 1995 жылғы Конституцияда көрініс тапты.
Жиын барысында сарапшылардың мазмұнды баяндамалары тыңдалды.
Бұдан әрі қатысушылар Конституцияның құқықтық мемлекет, демократиялық институттар мен азаматтық қоғамды қалыптастырудағы рөлін талдап, жаһандану және тұрақты даму жағдайындағы конституциялық құрылысты дамытудың заманауи сын-қатерлері мен алдағы мақсаттарды талқылады.
Гүл БАЯНДИНА
Басқа жаңалықтар