«Қазселденқорғау» мекемесінде ҚазҰУ факультетінің филиалы ашылды
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің базасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті география және табиғатты пайдалану факультетінің филиалы ашылды.
Аталған ғылыми орталық ҚазҰУ мен «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі арасында жасалған өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында іске қосылды. Бұл бастама табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу, тәуекелдерді басқару және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларында ғылыми әлеуетті біріктіруге бағытталған.

Филиалда табиғи апаттардың әсерін азайтуға арналған инновациялық тәсілдер мен ғылыми шешімдерді әзірлеу, сел қаупін болжау және мониторинг жүйесін жетілдіру бойынша қолданбалы зерттеулер жүргізіледі. Бұған қосымша студенттер мен жас ғалымдар үшін өндірістік тәжірибеден өтуге, заманауи зертханалық жабдықтармен жұмыс істеуге және мамандардың кәсіби даярлығын арттыруға мүмкіндік туады.

Ашылу салтанатына «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің басшысы Аслан Сабыржанұлы, ҚазҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Алина Галеева, география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева, мекеме қызметкерлері, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.
Шарада «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің басшысы Аслан Сабыржанұлы жаңа филиалдың негізгі мақсатын таныстырып, табиғи апаттардың алдын алу саласындағы ғылыми ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

«Филиалдың ашылуы еліміздегі табиғи апаттардың алдын алу жүйесін ғылыми тұрғыдан жетілдіруге мүмкіндік береді. ҚазҰУ сынды беделді оқу орнымен әріптестік орнату арқылы ауқымды жобаларды жүзеге асыратынымызға сенімдімін», – деді Аслан Сабыржанұлы.
Өз кезегінде ҚазҰУ проректоры Алина Галеева: «Қазселденқорғау» базасында ашылған филиал біздің студенттер мен жас ғалымдарға нақты өндірістік тәжірибе алуға, зерттеу жұмыстарын тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Университет үшін бұл – білім мен ғылымды интеграциялаудың, ал мемлекет үшін табиғи тәуекелдерді басқарудың тиімді қадамы», – деді.

Іс-шарадан соң қатысушылар «Қазселденқорғау» мекемесін аралап көріп, сел процестерін болжау және талдау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесімен танысты.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі