- Басты бет
- Жаңалықтар
- Ғылымнан нарыққа дейін: форумда технологиялар трансфері мен инновацияларды дамыту мәселелері талқыланды
Ғылымнан нарыққа дейін: форумда технологиялар трансфері мен инновацияларды дамыту мәселелері талқыланды
«Қазақстан – академиялық білім беру аумағы» стратегиялық серіктестердің халықаралық форумы аясында цифрландыру, академиялық ұтқырлық, трансұлттық білім беру, инновациялар мен технологиялар трансфері мәселелеріне арналған панельдік және пленарлық сессиялар, сондай-ақ дөңгелек үстелдер өтті.
Форум күн тәртібіндегі маңызды тақырыптардың бірі ғылым мен бизнестің интеграциясы болды. ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова модераторлық еткен «Ғылымнан – нарыққа. Технология трансфері» сессиясына ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының басшылары қатысты. Спикерлер ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру тәжірибесі мен өндірістік серіктестермен өзара іс-қимыл тетіктерін талқылады.
Пленарлық отырыс барысында сарапшылар тұрақты инновациялық экожүйелерді қалыптастыру, ғылым мен индустрия арасындағы байланыстарды нығайту, сондай-ақ білім және технологиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Спикерлер қатарында Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың атқарушы директоры К.Ангелиева (Болгария), М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ректоры Е.М.Исакаев, Аризона университетінің профессоры Дж.Пьюн (АҚШ) және Британдық Король инженерлік академиясының сарапшысы Н.Маршалл (Ұлыбритания) болды.
Сондай-ақ студенттік ортаны дамыту мәселелері талқыланды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан жүргізген панельдік сессияда жоғары оқу орындарының өкілдері студенттердің психологиялық және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, сондай-ақ деструктивті тәуелділіктердің алдын алу бойынша бастамалар таныстырылды.
Форум қорытындысы бойынша Қазақстанның академиялық және ғылыми ынтымақтастықтың өңірлік орталығы ретіндегі рөлі артып келе жатқаны атап өтілді. Әлемнің жетекші университеттерімен стратегиялық әріптестікті дамыту білім сапасын арттыруға және адами капиталдың әлеуетін нығайтуға бағытталған тұрақты инновациялық экожүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі
 
         
                                 
                                