"Литер" газеті бас редакторы Жанна Ойшыбаева шеберлік дәрісін өткізді
ТДМ-17 Ерте көктемде ыстық жақтан мұхит асып ұшып, қара шаңырақ - ұясына қайта оралатын қарлығаштай болып
Республикалық қоғамдық-саяси «Литер» газетінің бас редакторы, Президенттік сыйлық иегері, Ақпарат саласының үздігі Zhanna Oishybayeva әріптес-досымыз өзі білім алған оқу ордасы - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетініне арнайы келді.
Жанна Бақтығұлқызы алдымен қасында курстасы университеттің "QAZAQ UNIBERSITETI" газетінің бас редакторы Gulnar Taji - Гүлнар Жұмабайқызы бар Журналистика факультетіне соғып, декан Қанат Әуесбайдың Қанатымен кездесті.
Өзі оқып, білім алған оқу ордасын екі ұлына көрсетуді мақсат етіп келген Жанна әріптес кафедраларды аралап көрді. Сөз арасында ол Журналистика факультетінде соңғы жылдары жақсы істер көп атқарылып жатқанын және тәжірибелері өте мол кәсіби журналистердің де дәріс беріп жүргені дұрыс екенін жеткізді.
Қанат Әуесбайұлының ұйымдастырып, модераторлық еткен студенттермен кездесуінде қадірлі қонағымыз өткен студенттік өмірін еске алып, қазіргі журналистика саласына қатысты ойларымен бөлісті. Студенттердің қойған сауалына жауап берді.
Келесі кезекте университеттің Ақпарат және коммуникациялар департаментіне барып, тыныс тіршілігімен танысты.
Жалпы Жанна әріптесіміз туралы және оның отандық журналистика саласына қосып жүрген еңбектері туралы көп дүние айтуға болады.
Оның іскерлігі өз алдына, жұмыс барысында тез шешім қабылдап, кез-келген түйткілді мәселені батыл шешетінін сонау 2010 жылдары Маңғыстауда әріптес болып қызмет атқарғанда талай көрген едім. Ол кезде Жанна облыс әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған еді. Ақтау қаласы әкімдігінің мен басқарған "Ақтау ақпарат" газетінің ашылуына тікелей мұрындық болып еді. Одан кейін "Маңғыстау-Медиа" холдингін құру идеясы да сол кезде басталған болатын.
Ия, Жанна әріптесіміздің мықты журналист болатын-ақ жөні бар. Олай дейтінім, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетіндегі алған жақсы білімінен басқа, жасынан мықты әкенің де тәрбиесімен өсті. Қазақтың мықты ұлдарының бірі, жазушы, журналист, ұзақ жылдар Батыс Қазақстан облысында аудандық газетті басқарған әкесі Бақтығұл Ойшыбаев ағамыз қызы Жанна мен бүгінде "Хабар" арнасына басшылық жасап отырған ұлы, белгілі журналист Кемельбек Ойшыбаев екеуін осы салаға баулыды.
Шыны керек, бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде, Астанада түрлі қызметте жүрген немесе тіптен зейнет жасындағы түлектер Алматыға жолдары түсе қалса, ыстық мекенге бір соғып кетуге асығып тұрады. Өйткені, қара шаңырағымыз - ҚазҰУ-нің орны әрбіріміз үшін ерекше және құнды ғой...
Басқа жаңалықтар