БОЛАШАҚҚА БАҒЫТТАЛҒАН БАУЫРЛАСТЫҚFarabi University

БОЛАШАҚҚА БАҒЫТТАЛҒАН БАУЫРЛАСТЫҚ

31 қазан, 2025

2025 жылғы 30 қазанда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Шығыстану факультетінде Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасы ұйымдастырған «29 қазан – Түркия Республикасының күні» атты мерекелік іс-шара жоғары деңгейде өтті. Шараның басты мақсаты – Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени және рухани байланысты одан әрі тереңдетіп, түркі халықтарының ынтымақтастығын нығайту болды.

Іс-шара барысында Түркия Республикасының Қазақстандағы Бас Консулы Туғба Алан Өзденфедақар ханым және Түркия Республикасының Қазақстандағы Білім атташесі Айхан Коркмаз мырза құттықтау сөз сөйлеп, екі ел арасындағы білім және мәдени байланыс шеңберінде күшейіп, сындарлы  кезеңдерден кедергісіз өтіп келе жатқанын, академиялық ұтқырлық бағдарламалары, басқа да жоспарлы жобалар бойынша профессор-оқытушылар мен студенттердің өзара тәжірибе алмасуының маңыздылығына тоқталды.

Мерекелік кеште студенттер мен оқытушылар түрік ақындарының әсерлі өлеңдері мен рухты монологтарын орындап, шараның мазмұнын байыта түсті. Сонымен қатар кешке арнайы шақырылған қонақтар бауырлас елдер арасындағы достық пен ынтымақтастықтың маңызын ерекше атап өтті.

Салтанатты жиында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің халықаралық ынтымақтастық және интернационалдандыру бөлімінің бас маманы, университет өкілі Жүнісов Скендірбек сөз сөйлеп, мерекеге қатысушыларды Түркия Республикасы күнімен шын жүректен құттықтады.

Іс-шара соңында қатысушылар ұлы Ататүріктің өнегелі жолын еске алып, оның идеяларының түркі әлемінің бірлігі мен ынтымағын сақтаудағы тарихи рөліне ерекше тоқталды. Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының меңгерушісі А.Халел Түркия Республикасының ұлттық мерекесімен барша қатысушыларды құттықтап, екі ел арасындағы тығыз байланыс жалғасын табатындығына сенім білдірді.

Мереке соңында студенттер мен шақырылған қонақтар арасында еркін сұрақ-жауап сессиясы ұйымдастырылып, жастар Түркиядағы білім беру жүйесі, мәдени өмір мен академиялық ұтқырлық мүмкіндіктері туралы өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Қонақтар студенттердің белсенділігіне ризашылық білдіріп, олардың түрік мәдениетіне деген қызығушылығын жоғары бағалады.

Мерекелік жиын «Зайырлы Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының достық қарым-қатынасы мәңгі нығая берсін!» деген ақ тілекпен өз мәресіне жетті. Бүгінгі күн – тек Түркия халқының ғана емес, барша түркі жұртының ортақ қуанышы. Түркия мен Қазақстанның достық қарым-қатынасы – тарихтан тамыр алған, болашаққа бағытталған бауырластықты айқын көрсетті. 

Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының меңгерушісі Агнур Халел
Кафедра меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, аға оқытушы А.Т.Кыркымбекова