№17 жатақханада «Шығыс өрнектері» атты кәсіби-бағдарлық іс-шара өтті
Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің №17 жатақханасында шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының оқытушылары мен студенттерінің ұйымдастыруымен «Айналаңды нұрландыр» жобасының аясында «Шығыс өрнектері» мерекелік-танымдық іс-шара өтті. Іс-шара барысында Қиыр Шығыс кафедрасының жұмысы насихатталды.
Іс-шара кафедра оқытушыларының алғы сөзімен басталды. Ұстаздар өздерін таныстырып, кафедраның өмірі жайлы мәліметтер мен бейне роликті көрермендердің назарына ұсынды. Әрі қарай корей бөлімі мен жапон бөлімінің студенттері ән айтып, би билеп өз өнерлерін ортаға салды. Кореяның ұлттық биі – пучечум биі, жастардың заманауи биі – K-pop биі орындалып, корей тілінде ән айтылды. Жапонияда тілдік тағылымдамада болған 4-курс студенттерінің презентациясы көрсетілді. Концерттің соңына қарай көрермендердің Корея мен Жапония туралы не білетінін тексеру мақсатында викториналық сұрақтар қойылды.
Жалпы шығыстану факультетінің деканы Б.Н. Жұбатованың бастамасымен ұйымдастырылған концерт өте көңілді әрі қызықты өтті. Студенттердің Корея мен Жапонияға деген қызығушылығының артқаны бірден білінді. Олар үсті-үстіне сұрақтар қойып, қайтуға асықпады. Концерт аяқталған соң, студенттерге кафедра туралы ақпарат пен жеткен жетістіктері жайлы жазылған буклеттер таратылды.