Президент Қ.К.Тоқаевтың «Қазақстан – академиялық білім аймағы» атты халықаралық стратегиялық серіктестер форумындағы сөзіне біздің көзқарасымызFarabi University

Президент Қ.К.Тоқаевтың «Қазақстан – академиялық білім аймағы» атты халықаралық стратегиялық серіктестер форумындағы сөзіне біздің көзқарасымыз

31 қазан, 2025

 

2025 жылдың 31 қазанында Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Қазақстан – академиялық білім аймағы» атты халықаралық стратегиялық серіктестер форумы өтті. Форумға Quacquarelli Symonds компаниясы, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты, Бейжің тіл және мәдениет университеті, Кардифф университеті, Вусонг университеті, МИФИ, Минерва университеті және басқа да беделді оқу орындарының басшылары қатысты, пікірлерімен бөлісті.   

Қазақстанның президенті Қ.К.Тоқаев әлемдік білім, ғылымның маңызын атап өтіп, «Қазақстандағы жоғары оқу орындары да заман талабына сай озық технологиялармен жабдықталуы тиіс. Онсыз өркендеу болмайды. 2019 жылдан бері білім саласына бөлінетін қаржы 3 есе ұлғайды. Еліміздегі ЖОО ның дербестігі артып келеді, зерттеу университеттері көбеюде. Ғылым және технологиялар саясаты туралы жаңа заң қабылданды» - деді.  

Қазір 31 мыңнан астам шетелдік Қазақстанда білім алуда. Бұл еліміз үшін рекорттық көрсеткіш. Президент бұл көрсеткішті 100 мыңға жеткізу мақсатында визалық режим жеңілдетілетінін, тіпті үздік түлектерге лайық жұмыс орындарын қарастыру тапсырмасын беретінін айтты. Президенттің білім саласындағы бастамалары әлемдік өзгеріс жағдайымен үндеседі. 2025-2026 оқу жылында бекітілген білім беру бағдарламаларына «Кәсіпкерлік және қаржылық сауаттылық негіздері», «Жасанды интеллект негіздері» деген жаңа пәндер енгізілді. Бұл пәндерді ЖОО дағы Академиялық мәселе жөніндегі департамент сияқты құрылымдар белгілі бір факультеттерге бөліп қойған. Бұл тұста  ЖИ ді пайдалану қауіпті білім бағдарламалары ескерілмеген. Мысалы креативпен байланысты дизайнер, мәдени-тынығу жұмысы, режиссер т.б. кәсіптерде ЖИ пайдалану студентті, тіпті маманды ізденуден тыйып тастайды, студентті жаппай жалқаулыққа, пән тапсырмасын ЖИ көмегімен орындай салуға, білім сапасын одан сайын төмендетуге алып келеді. Бұл 25 мыңнан астам студент білім алатын ірі ЖОО ның ортақ проблемасы. Сондықтан ЖИ ді ЖОО оқу үдерісінде жаппай пайдалану үгітті түрде жүргізілмей консервативті әдіспен жұмыс жасаушы студенттер, оқытушы-профессорларға қысым жасалмауы керек. Шынайы өмірде пайдасы шамалы Курсера, Хуавей талент сияқты платформалардан мезі болған студенттерге көңіл бөлу қажет. Деканатқа «4 жыл неге оқытасыңдар қысқа курстар болса?»- деген уәжімен келген ата-аналар да кездескен. Қысқа мерзімді нашар курстар және түкке қажеті жоқ сертификаттар ЖОО дағы студентке және оқытушыға қосымша жүктеме. Сонымен қатар президенттің шетелдік студенттердің санын 3 есе арттыру және оларға жағдай жасау бастамасы да көпке ұзамайтын сияқты. Бірнеше жыл бұрын ғана Қырғыз елінде жаппай тәртіпсіздікке ұласқан жатақханадағы жағдай бізге де сабақ болуы керек.   

 

 

Смағұл Х.Ж.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Мәдениеттану  білім беру бағдарламасының 3-курс докторанты

Д.Б.Жаркимбаева

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Дінтану және мәдениеттану» кафедрасының доценті