ҚазҰУ түлектері кореялық клиникаға жұмысқа орналаса аладыFarabi University

ҚазҰУ түлектері кореялық клиникаға жұмысқа орналаса алады

3 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев кореялық Open Healthcare клиникасының Қазақстандағы бас директоры Ким Дэ Йонгпен кездесті.

 

Тараптар медицина және денсаулық сақтау саласында серіктестік орнату мәселесін талқылады.

Жансейіт Түймебаев оқу ордасының жетістіктерін таныстырып, медицина бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Қазіргі таңда ҚазҰУ-дың медицина және денсаулық сақтау факультетінде 4000-нан астам студент білім алады. Сонымен қатар факультет Алматы қаласындағы емханалармен, медициналық орталықтармен тығыз жұмыс істейді. Ректор өз сөзінде ҚазҰУ Open Healthcare клиникасымен ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін жеткізді.

Өз кезегінде Open Healthcare клиникасының Қазақстандағы бас директоры Ким Дэ Йонг ілтипат білдіргені үшін алғыс айтып, бірқатар ұсынысын ортаға салды.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстандағы көшбасшы жоғары оқу орындарының бірегейі. Сондықтан университетпен бірге жұмыс істеу біз үшін маңызды. ҚазҰУ-дың микробиология және медицина бағыты бойынша бітірген түлектер біздің клиникада жұмыс істей алады. Біз түлектерді Кореяда оқытып, білімдерін жетілдіруге көмектесеміз. Сонымен қатар ҚазҰУ-мен ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыруға ниеттіміз», – деді құрметті қонақ.

Келіссөз қорытындысында тараптар әріптестік байланысты одан әрі арттыруға бағытталған жұмыстарды  бірлесіп атқаруға уағдаласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі