Оқушыдан маманға дейінгі жол – кәсіби бағдар берудің жаңа кезеңі
2025 жылғы 3 қарашада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Алматы қаласы мектептерінің кәсіби бағдар беру мамандарына арналған «AI-Guided Career: оқушыдан маманға дейінгі жол» атты офлайн оқыту семинары өтті. Іс-шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Алматы қаласының Білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.
Семинар факультеттер көрмесімен басталып, қатысушылар тіркеуден өтті. Ашылу сөзін ҚазҰУ Басқарма мүшесі, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Галеева Алина Кулбаевна сөйледі. Одан кейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Емелбаев Руслан Тоқтарбекұлы жастардың кәсіби таңдауына мемлекеттің әсері туралы баяндама жасады. ҚазҰУ қабылдау кеңсесінің жетекшісі Айдар Жумалипов қабылдау комиссиясының рөліне тоқталса, SDU PhD докторанты Омарбек Көшкімбайұлы мамандықты дұрыс таңдау мен грантқа түсу жолдарын нақты мысалдармен түсіндірді. Eduser және Ustaz Media негізін қалаушысы Айдос Жұманазар жасанды интеллект дәуіріндегі профориентация тақырыбын ашып көрсетті.
Семинарға Әл-Фараби атындағы №15 мектептің оқушылары да қатысып, факультеттер көрмесі арқылы түрлі мамандықтармен танысты. Бұл бағыттағы таныстыруды PhD, доцент Куйкабаева Айжан Амангалиевна жүргізіп, оқушылар мен педагог-профориентологтарға жылуэнергетика, техникалық физика салалары бойынша білім беру бағдарламалары мен еңбек нарығындағы сұраныстар туралы кең мағлұмат берді.
Іс-шара кәсіби бағдар берудің жаңа деңгейін көрсетіп, жас ұрпақтың болашағын айқындауда жасанды интеллект пен заманауи тәсілдердің маңызын айқындады.