Әл-Фараби апталығы аясында маңызды кездесу өтті
3–8 қараша аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәстүрлі «әл-Фараби апталығы» өтуде. Апталық аясында университеттің барлық факультеттерінде танымдық іс-шаралар, кездесулер мен дәрістер ұйымдастырылып жатыр.
Осыған орай, 04.11.2025 ж. География және табиғатты пайдалану факультетінде маңызды кездесу өтті. Факультет ұжымы мен студенттері «әл-Фараби орталығының» директоры, саясаттану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Сүлейменов Пірімбек Мұханбетұлымен жүздесті.
Кездесу барысында Пірімбек Мұханбетұлы әл-Фараби мұрасының қазіргі заманғы ғылым мен білімдегі маңыздылығына тоқталып, ұлы ғұламаның адамгершілік, парасаттылық, білім мен ізгілікке негізделген көзқарастарын кеңінен талқылады. Сонымен қатар, әл-Фараби орталығы атқарып жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстары туралы мағлұмат беріп, студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Іс-шара мазмұнды, тағылымды әрі студенттер үшін рухани тұрғыдан пайдалы кездесу болды.
Пірімбек Мұханбетұлы студенттермен еркін форматта сұхбат құрды. Бұл бөлім ашық пікір алмасу алаңына айналды. Студенттер әл-Фараби мұрасына, ғылым жолындағы мотивацияға, және философияның қазіргі қоғамдағы рөліне қатысты сұрақтар қойды.
Сондай-ақ, Әл-Фараби орталығы тарапынан ұйымдастырылатын ғылыми жобалар мен зерттеу бағыттары туралы нақты мәліметтер берілді. Ғалым студенттерді орталықпен тығыз байланыста болуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді қатысуға шақырды.
Іс-шараның мазмұнды және еркін түрде өткендігі студенттерге ерекше әсер қалдырды. Бұл кездесу олардың болашақта ғылым жолына бет бұруына себепші болары анық.
Басқа жаңалықтар