Инженерлік білім сапасын арттыру
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев инженерлік білім беруді аккредиттеу жөніндегі Еуропалық желісінің Президенті Жозе Карлос Квадрадомен кездесті.
Жүздесуде қос тарап жоғары білім беру сапасын арттыру, инженерлік бағыттағы оқу бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мәселелерін талқылады.

Жансейіт Түймебаев университеттің инженерлік білім беру саласындағы жетістіктері мен ғылыми-инновациялық әлеуеті туралы баяндап, ҚазҰУ-дың халықаралық аккредиттеу жүйесіне белсенді түрде қосылып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, ректор оқу бағдарламаларын жетілдіру, студенттердің тәжірибелік дағдыларын дамыту және сұранысқа ие жаңа білім беру модельдерін енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Сөз соңында оқу ордасының басшысы инженерлік білім беруді аккредиттеу жөніндегі Еуропалық желісінің Орталық Азия бойынша орталығын ҚазҰУ базасында ашуды ұсынды.

Өз кезегінде Жозе Карлос Квадрадо Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық деңгейдегі беделін жоғары бағалап, ENAEE желісінің инженерлік білім берудің сапасын бағалау және аккредиттеу ісінде тәжірибе алмасуға дайын екенін жеткізді.

Кездесу соңында тараптар инженерлік білім беру сапасын арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар