Өнерпаздар бәйгесі

17 наурыз, 2016

14-15 наурыз күндері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Студенттік көктем-2016» байқауының ақтық сыны болып өтті. Алғашқы күні студенттер би номинациясы бойынша бақтарын сынаса, 15 наурызда ән байқауы мен музыкалық аспаптарда орындаушылар сайысы орын алды.

«Студенттік көктем-2016» байқауының басты мақсаты – студенттердің шығармашылық қабілеттерін шыңдау, оларды тек білім мен ғылымға ғана емес, өнерге баулу, таланттардың танылуына ықпал ету болып табылады. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған бұл «Студенттік көктем» де дәл осы мақсатта өткізілді десек артық айтқанымыз емес.

«Студенттік көктем-2016» байқауының алғашқы кезеңіне университет бойынша 2000-нан аса студент қатысып, оның мыңға жуығы келесі кезеңге жолдама алған болатын. Аталған байқаудың алғашқы күнінде би номинациясы бойынша екі кезеңнен сүрінбей өткен бишілер өнер көрсетті. Қазіргі заманауи би, патриоттық флешмоб тақырыбы аясында билеген жастардың арасында көрермендерге ерекше әсер қалдыра білген факультет – химия және химиялық технологиялар факультеті болды. Алайда, жүйріктен жүйрік озар жарысқанда демекші, аталған факультеттен география және табиғатты пайдалану факультеті де қалысқан жоқ. Осы орайда, өздерін сахнада әсем көрсете білген механика-математика факультетін де атап өткеніміз жөн. Аталған күні барлық факультет студенттері өз өнерлерін көрермендерге паш етіп, олардың ыстық ықыласына бөленді.

«Студенттік көктемнің» келесі күні жез таңдай әншілерге арналған «Бірге – кемел келешекке!» атты ән байқауы мен «Тәуелсіздік – тұғырым!» атты музыкалық аспаптарда орындаушылар байқауына ұласты. ҚазҰУ өнерпаздарының талантын таныта түсу мақсатында өткізілген бұл байқаудың екінші күнінде әділ-қазылар алқасында қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Меруерт Түсіпбаева, «Құрманғазы» атындағы ұлттық консерваторияның оқытушысы Серік Пазылов, «Гаухартас» тобының солисі Әсем Абдуалиева, «Арлан» тобының солисі Біржан Жүнісбеков және әнші Бота Бисенова болды.

Әдемі әрленген сахна мен көрермендердің ыстық ықыласы өнерпаз студенттерді де бір қуантты. Барлық факультет білімгерлері бақ сынап жатқан бұл байқауда әсем ән де шырқалды, керемет күй де орындалды. Солардың қатарында, құлақтан кіріп бойды алған әсем ән ұсынған география және табиғатты пайдалану факультетінің 1-курс студенті Сәрсенбеков Мағжанды «Туған жер» әнімен, биология және биотехнология факультетінің 1-курс студенті Тұрсынбаева Самалды «Ізін көрем» әнімен, журналистика факультетінің 2-курс студенті Түзелбай Абайды «Отан ана» әнімен ерекше атап өтуге болады.

Сайыста қазақтың қара домбырасын күмбірлеткен орындаушылар да аз болмады. Атап айтсақ, физика-техникалық факультетінің 1-курс студенті Задыгереев Әлімжан, шығыстану факультетінің 1-курс студенті Тастанбекова Айкүміс Құрманғазының «Адай» күйін нақышына келтіре орындады. Одан өзге, «Балбырауын», «Жеңіс», «18 жасар Балжан қыз», «Салтанат», «Жұмырқылыш», «Көроғлы», «Шаттанамын», «Жима» әнді күйлер орындаушылардың назарынан тыс қалмады. Бұл сында талантты жастар домбырамен қоса, қобыз, фортепиано сынды музыкалық аспаптарда да өнерлерін көрсетті.

Осылайша, көптен күткен «Студенттік көктем-2016» байқауының финалы да өз мәресіне жетті. Ал жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар үздік орындаушылар жуырда болатын гала концертте марапатталатын болады. Ақтық сынға сүрінбей жеткен өнерпаздарымызға сәттілік тілейміз.

Ұлжан ИБРАИМ

Студенттік баспасөз орталығы