- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Ел Тұтқа» пікірталас клубы: студенттердің құқықтық мәдениеті мен азаматтық белсенділігін дамыту
«Ел Тұтқа» пікірталас клубы: студенттердің құқықтық мәдениеті мен азаматтық белсенділігін дамыту
7 қараша 2025 жылы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде «Ел Тұтқа» пікірталас клубының ұйымдастыруымен мазмұнды көрме өткізілді. Іс-шара факультеттің 4-қабатында өтіп, студенттердің құқықтық және азаматтық мәдениетін арттыруды, құқық саласындағы белсенді жастардың бастамаларын қолдауды және университет қабырғасындағы патриоттық рухты күшейтуді мақсат етті. Көрмені ұйымдастыруға клубтың жетекшісі Тлепбергенов Орынбасар бастаған белсенді студенттер ерекше жауапкершілікпен атсалысып, «Ел Тұтқа» ұйымының мақсаттары мен қоғамдағы рөлін кеңінен таныстырды.
Көрме барысында студенттерге клубтың атаулы (брендтік) өнімдері – логотипі бар блокноттар, қалпақтар, жапсырмалар, жалаушалар және ақпараттық парақшалар ұсынылды. Бұл өнімдер клубтың бірегей белгісіне айналып, студенттердің ұйымға деген қызығушылығын арттырды. Әрбір бұйым университет рухын, жастардың белсенділігін және «Ел Тұтқа» ұйымының идеялық бағытын бейнеледі. Сонымен қатар көрмеде клубтың құрылу тарихы, оның негізгі мақсаттары мен бағыттары туралы кеңінен әңгімеленіп, жаңа мүшелерді тарту бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Ел Тұтқа» пікірталас клубы студенттердің сыни ойлау қабілетін дамытуға, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылау арқылы пікір алмасу мәдениетін қалыптастыруға және болашақ заңгерлердің шешендік, дәлелді ой айту дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Клуб аясында өткізілетін пікірталастар жастарға өз ойын еркін жеткізуге, қарсы пікірлерді мәдени тұрғыда қабылдап, дәлелмен жауап беруге және құқықтық тұрғыда ойлау қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.
Бұл іс-шара студенттердің ұйымшылдық, белсенділік және шығармашылық қабілеттерін арттыруға зор әсер етті. Қатысушылар көрменің жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілігін нығайтуға және кәсіби дамуына ықпал ететінін ерекше атап өтті.
Жалпы, «Ел Тұтқа» пікірталас клубының бастамасымен ұйымдастырылған бұл көрме университет өмірінде маңызды оқиға болды. Ол студенттердің өз мамандығына деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, құқықтық мәдениетті дәріптеу мен қоғамдағы тәртіп пен әділдік қағидаттарын насихаттауға бағытталған мәні зор шара ретінде есте қалды.
Басқа жаңалықтар