«Күнделікті өмірдегі құқықтық жауапкершілік» тақырыбында кураторлық сағат
«Заң және тәртіп» жобалық кеңсесінің акциясы аясында 129-ПК тобында «Күнделікті өмірдегі құқықтық жауапкершілік» тақырыбында кураторлық сағат өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заң нормаларын сақтауға саналы көзқарас қалыптастыру және өз іс-әрекеттері үшін жауапкершілік сезімін дамыту болды.
Кездесуге Алматы қаласы Түрксіб аудандық полиция басқармасының анықтау бөлімінің аға анықтаушысы, полиция подполковнигі Ғажайып Алайдыарқызы Абданбаева арнайы шақырылды. Өз сөзінде ол студенттерге құқықтық жауапкершіліктің түрлері, әкімшілік, қылмыстық және тәртіптік құқықбұзушылықтардың айырмашылықтары, сондай-ақ оларды жасаған жағдайда туындайтын құқықтық салдарлар туралы кеңінен түсіндіріп берді.

Спикер жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесіне, азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін білу маңыздылығына және заң талаптарын күнделікті өмірде сақтау қажеттілігіне — оқу барысында да, күнделікті тұрмыста да — ерекше назар аударды.
Кездесу соңында студенттер Ғажайып Алайдыарқызынан нақты өмірлік жағдайларға қатысты сұрақтар қойып, құқықтық алаңда дұрыс әрекет ету жөнінде құнды кеңестер алды. Іс-шара жылы әрі танымдық жағдайда өтіп, студенттердің құқықтық мәдениетін және жеке жауапкершілігін арттыруға ықпал етті.
Осындай кездесулер студенттер арасында құқықтық мәдениетті, азаматтық жауапкершілікті және заңға деген құрметті қалыптастыруға үлкен мүмкіндік береді.
Іс-шараны 129-ПК тобының кураторы, Роза Ерғалиқызы Сагалбаева ұйымдастырды.
"Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық" кафедрасы
Басқа жаңалықтар