Инклюзивті білімнің маңызы зорFarabi University

Инклюзивті білімнің маңызы зор

7 қараша, 2025

Инклюзивті оқыту – тек ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін маңызды. Бұл тәсіл баланың жеке қа­бі­­летін ескеріп, оны әлеу­мет­тік ортада толыққанды өмір сүруге бейімдейді. Со­ны­мен қатар басқа бала­лар­дың да мейірімділікке, тө­зімділікке, түсіністікке тәр­­биеленуіне ықпал етеді.

Мысалы, Мағжан Жұма­баев­тың «Білімдінің сөзі – ем, мейірімі көп, өзі – кең» деген терең мағыналы сөзі инклюзивті білім беру та­қы­ры­бына тікелей қатысы бар. Бұл ойды бірнеше бағытта нақтылап түсіндіруге бо­ла­ды:

Білімді мұғалімнің рөлі – инклюзивті білім берудің негізі. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін ұстаз тек пәнді меңгертуші ғана емес, олар үшін рухани тірек, қол­даушы тұлға. Мұғалімнің мейірімі мен кеңдігі бала­ның өзіне сенуіне, қоғамға бейімделуіне жол ашады.

Сөз – ем, яғни білімді адам­ның әрбір сөзі баланың жүрегіне жетіп, сенім мен ша­быт береді. Ерекше оқу­шы­ларды қолдап, жігер бе­ретін жылы сөз – олар үшін шынайы ем.

Кеңпейілділік – инклю­зив­ті қоғамның негізі. Әр­түр­лі баланы қабылдау, олар­дың мүмкіндіктерін дамытуда білімді, ашық, кең ойлы адамдар қажет. Ондай адамдар баланың сыртқы ерекшелігін емес, ішкі мүм­кін­дігін көреді.

Яғни Мағжан Жұмабаев­тың бұл қанатты сөзі ин­клю­зивті білім берудегі адам­гер­шілік, мейірім мен білім үйлесімінің маңыздылығын өте дәл сипаттайды.

Қазақстанда инклюзивті білім беру саясаты біртіндеп дамып келеді. Мектептерде психологиялық-педаго­ги­ка­лық қолдау кабинеттері ашылып, арнайы мамандар – дефектолог, логопед, пси­хо­логтер жұмыс істей бас­тады. Дегенмен инклюзивті білім берудің тиімді жүзеге асуы үшін инфрақұрылымды дамыту, мұғалімдердің бі­лік­тілігін арттыру, ата-ана­лармен жұмыс істеу – басты міндеттердің бірі. Сонымен қатар ЖОО оқытушыларына инклюзивті білім берудің теориялық және әдістемелік негіздерін меңгерту арқылы студенттердің білім алуын­да­ғы тең мүмкіндіктерін қам­­та­масыз етуге ба­ғыт­тал­ған инклюзивті оқыту тә­­жірибесін дамыту аса ма­ңыз­ды.

Инклюзивті білім – тек бі­­лім беру саласының ре­фор­масы емес, бұл – қо­ғамның гуманизмге, теңдік пен әділеттілікке ұмты­луы­ның көрінісі. Әрбір бала – қо­ғамның тең құқылы мү­шесі, ал инклюзивті орта – сол балаға сенім мен мүм­кін­дік берудің ең әділ жолы.

Майра

МОЛДАБЕКОВА,

Жылуфизика және техникалық физика кафедрасының

профессоры, п.ғ.д.

Мәнсия ӘСЕМБАЕВА,

доцент, ф.-м.ғ.к.