ҚазҰУ-да Араб тілі апталығы басталдыFarabi University

ҚазҰУ-да Араб тілі апталығы басталды

11 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Сұлтан ибн Абдулазиз Әл-Сауд атындағы Халықаралық тілдік даярлық бағдарламасы аясында «Араб тілі апталығы: Орталық Азия/Қазақстан» халықаралық іс-шарасы басталды.

«Исламтану және дінтану зерттеулерін жүргізу кезеңіндегі араб тілін оқытудың ерекшеліктері» тақырыбында өткен шара Қазақстан мен ислам әлемі арасындағы ғылыми және мәдени ынтымақтастықты нығайтуға, араб тілін рухани және ғылыми интеграцияның маңызды құралы ретінде дамытуға бағытталған. Іс-шараны ұйымдастырушылар – Сұлтан ибн Абдулазиз Әл-Сауд атындағы қайырымдылық қоры, Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Ислам әлемі ұйымы (ISESCO) және ҚазҰУ философия және саясаттану факультеті.

Ашылу салтанатында қатысушылар мен қонақтарды факультет деканы, доцент Бекжан Мейірбаев құттықтап, ҚазҰУ мен ISESCO арасындағы әріптестік негізінде жасалған жұмыстар мен бірлескен жобалар туралы мәлімет берді. Соның ішінде I халықаралық «Әл-Фарабидің адамзат тарихына қосқан үлесі» (Рабат, 2023) атты конференция өткізілді. Бұл шара барысында ҚазҰУ мен ISESCO-ға қарасты Ислам университеттері федерациясы арасындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы меморандумға қол қойылды. 2023 жылдың қазан айынан бастап философия және саясаттану факультеті ұйымдастырған «Мишкат» ғылыми семинары табысты өткізіліп келеді. Бекжан Мейірбайұлының айтуынша, «Қазақстан мен Орталық Азиядағы Араб тілі апталығы ҚазҰУ мен ISESCO арасындағы байланысты тереңдетіп, мамандарымыздың тілдік дағдыларын жақсартады».

Іс-шара барысында Қазақстандағы Сауд Арабиясы Корольдігінің төтенше және өкілетті елшісі, профессор Файсал бин Ханиф әл-Кахтани, Сұлтан бин Абдулазиз Әл-Сауд атындағы қайырымдылық қоры бас директорының орынбасары, доктор Абдулазиз әл-Макуши және басқа да қонақтар сөз сөйледі.

Араб тілі апталығы аясында ISESCO ұйымының жетекші сарапшылары семинарлар мен шеберлік сыныптарын өткізеді. Талқылау барысында араб тілін оқытудың жаңа әдістері, исламтану мен дінтану саласындағы ғылыми коммуникациялар мәселелері, сондай-ақ мәдени және рухани құндылықтарды жеткізудегі араб тілінің рөлі сараланады. Сондай-ақ тіл мен мәдениеттің өзара байланысы тақырыбына ерекше назар аударылатын болады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі