«Ерлерді ардақтаймыз, ерліктерін ұмытпаймыз!»Farabi University

«Ерлерді ардақтаймыз, ерліктерін ұмытпаймыз!»

12 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әскери кафедрасында әскери-патриоттық жұмыс жоспарына сәйкес, Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Ерлерді ардақтаймыз, ерліктерін ұмытпаймыз!» атты патриоттық акция өткізілді.

2025 жылдың 25 қазанында халқымыздың даңқты қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толды.

Патриоттық акция аясында әскери-патриоттық бағыттағы бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Қазан айында студенттермен тақырыптық кездесулер өткізіліп, Әлия Молдағұлова туралы деректі фильмдер көрсетілді.

1–6 қараша аралығында Алматы қаласы Әуезов ауданының №97 жалпы білім беретін мектебінің жоғары сынып оқушыларымен және оқу взводтарымен бірлесіп «Әлияның ерлігі!» атты Ерлік сабағы өткізілді. Сабақ барысында студенттер мен оқушылар Әлия Молдағұлованың өмір жолымен және жауынгерлік ерліктерімен танысып, деректі және көркем әдебиеттер көрмесін тамашалады.

2025 жылдың 10 қарашасында патриоттық акцияның қорытынды кезеңінде әскери кафедрада оқитын қыздар арасында «Әлия ізімен!» атты байқау ұйымдастырылды. Арнайы әскер циклы мен Тәрбиелік және идеологиялық жұмыс циклының екі командасы келесі бағыттар бойынша сынға түсті: саптық дайындық элементтері, атыс дайындығы – интерактивті лазерлік тирде ату, қаруды бөлшектеу және жинау, Әлия Молдағұловаға арналған эссе-презентациялар мен шығармашылық нөмірлер орындау, сондай-ақ қазіргі заманғы әскери киім мен жабдықтарды таныстыру.

Іс-шараның қорытындысында әскери кафедраның бастығы, запастағы полковник Олег Вали-Ахметович Ажимов патриоттық акцияның негізгі мақсаты – студенттер мен оқушылардың бойында қазақстандық патриотизмді, Отанға деген адалдық пен сүйіспеншілікті қалыптастыру, ел тарихындағы қаһармандардың Ұлы Отан соғысындағы ерліктерін үлгі ету екенін атап өтті.

«Жас қазақстандық ұрпақ үшін Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Сағадат Нұрмағамбетов, Талғат Бигелдинов және Рақымжан Қошқарбаев сынды батырларымыз – ең асыл үлгі мен рухани бағдар», – деп байқау жеңімпаздарын марапаттау барысында запастағы полковник О.Ажимов ерекше атап өтті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әскери кафедрасындағы әскери-патриоттық тәрбие – қазақ халқының ең үздік ұлдары мен қыздарының ерлігі мен өмір жолын насихаттауға негізделген маңызды бағыттардың бірі болып табылады.