Ректор ғылыми орталықтардағы соңғы өзгерістермен танысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев қалашықтағы ғылыми орталықтарды аралап, жүргізіліп жатқан соңғы өзгерістер және жаңғырту жұмыстарымен танысты.
Оқу ордасының басшысы алдымен Farabi Hub инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығына барды. Мұнда ректорға орталықтың негізгі даму бағыты мен болашақ жоспары таныстырылды.

Кейін Жансейіт Қансейітұлы Цифрлық технологиялар және робототехника халықаралық институты мен Робототехника және мехатроника бойынша компетенция орталығын аралап көрді. ҚазҰУ ректорына робототехника саласындағы білім беру бағдарламалары жөнінде ақпарат беріліп, өндірістік роботтарды басқару бағытындағы зерттеулердің нәтижелері көрсетілді.

Сонымен қатар Жансейіт Түймебаев қалашықтағы ұшқышсыз ұшу аппараттарын әзірлейтін цехтың құрылыс жұмысымен танысты. Аталған ғылыми орталықты ҚазҰУ мен «Юань Чжэнь» қытайлық компаниясы бірлесіп ашуда. Қазіргі уақытта нысанда ішкі әрлеу және жабдықтау жұмыстары жүріп жатыр.

ЖОО басшысы университеттің ғылыми әлеуетін одан әрі арттырудың маңыздылығын атап өтіп, жауапты мамандарға ғылыми инфрақұрылымды жаңартуды, зертханаларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді және ғалымдарға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.




Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар