АҚШ зерттеушісі ҚазҰУ-да дәріс оқыды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Уайтхед биомедициналық зерттеулер институтының (Массачусетс технология институты, АҚШ) Дің жасушалары зертханасының директоры, ғалым Майя Миталипова «Альцгеймер ауруы кезінде ми тамырларындағы өзгерістерді зерттеуге арналған изогенді өздігінен ұйымдасатын гематоэнцефаликалық тосқауыл моделі» тақырыбында дәріс оқыды.
Құрметті қонақты ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов қарсы алып, оның дің жасушалары, биотехнология және инновациялық ғылыми кәсіпкерлік саласындағы жетістіктерін атап өтті: «Бүгін біз әлемдік деңгейдегі зерттеуші Майя Миталипованы қарсы алып отырмыз. Ол жасушалар мен биотехнология саласындағы еңбектері арқылы Паркинсон және Альцгеймер ауруларын зерттеудің жаңа бағыттарын ашып, медицина ғылымының дамуына зор үлес қосуда. Бұл жетістіктер тек халықаралық ғылым үшін ғана емес, еліміздің ғылыми қауымдастығы үшін де маңызды», – деді проректор.

Дәріс барысында ғалым өзінің кәсіби жолын баяндап, Алматыдағы Эксперименттік биология институтынан бастап, Массачусетс штатындағы (Кембридж) Уайтхед институтының Дің жасушалары зертханасының директоры қызметіне дейінгі кезеңге тоқталды. Бүгінде зертхананың жұмысы Паркинсон және Альцгеймер ауруларын емдеуге арналған зерттеулердің алдыңғы қатарында тұр.

Ғалым жеке тәжірибесімен де бөлісті: зерттеуін бастаған кезде анасына Паркинсон ауруы диагнозы қойылған. Өкінішке қарай, анасын сақтап қалу мүмкін болмаған. «Жиырма жылдан астам жұмыс істесем де, әлі де үйренетінім көп. Бірақ мен 80 жасқа келгенде де зертханаға баруды жалғастыра бергім келеді. Анамның қабіріне барғанда «Мен осы ауруларды жеңуге бағытталған үлкен жұмбақтың бір бөлігін шешемін. Егер өзім жасай алмасам, бұл істі жалғастыратын жас ғалымдарға жол ашамын» деп өзіме уәде беремін», – деді Майя Миталипова.

Дәріс барысында ғалым Альцгеймер ауруында ми тамырларындағы патологиялық өзгерістерді зерттеу үшін изогенді өздігінен ұйымдасатын гематоэнцефаликалық тосқауыл (ГЭБ) моделін жасауды таныстырды. Модель ГЭБ бұзылысының қан айналымына және аурудың дамуына әсерін зерттеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ жаңа дәрі-дәрмектерді сынауға және аурудың прогресін баяулатуға жол ашады.

Кездесу соңында студенттер мен жас ғалымдар Майя Миталиповаға сұрақтар қойып, толық және мазмұнды жауаптар алды.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар