Оңтүстік-Шығыс Азия университеттерімен байланыс
Білім ордасының рейтингі мен ғылыми әлеуетіне оң әсер ететін негізгі критерийлердің бірі – оқу процесіне шетелдік ғылыми-педагогикалық кадрлар мен мамандарды тарту. Осыған орай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, профессор Жансейіт Түймебаев әлемнің жетекші университеттері, соның ішінде Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің жоғары оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде кеңейтуде. Осындай серіктестердің бірі – Малайзияның ең көне және беделді жоғары оқу орындарының қатарындағы Малайя университеті (University of Malaya). Малайя университеті әлемнің үздік 100 университетінің қатарына тұрақты түрде еніп, беделді QS World University Rankings рейтингінде 58-орынды иеленеді. Университет жоғары деңгейлі оқыту сапасы және ғылыми-зерттеу қызметіндегі жетістіктерімен кеңінен танымал.
Университетке шетелдік оқытушылар мен зерттеушілерді тарту – шетелдік студенттерді қабылдауға қарағанда анағұрлым күрделі процесс. Бұл ретте университеттің шетелдік профессорларға ашықтығының деңгейі, бағдарламаны іске асыруға кететін қаржы шығындары, академиялық ынтымақтастықтың саяси-географиялық басымдықтары және басқа да көптеген факторлар ескеріледі. Айта кету керек, әлемнің жетекші университеттері халықаралық оқытушы-профессорлық құрамымен ерекшеленеді және шетелдік оқытушылардың үлесі беделді QS World University Rankings рейтингінде ескерілетін маңызды көрсеткіштердің бірі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Малайя университетінің заң факультеттері декандары – профессор Уәлихан Ахатов пен профессор Джейсон Чуа онлайн форматта видеоконференция арқылы кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар ғылыми-зерттеу және педагогикалық қызметтің нақты бағыттары бойынша екіжақты ынтымақтастықтың даму перспективаларын талқылады. Келісімдер аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор Талғат Балашовтың бастамасымен Малайя университеті заң факультетінің қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Мохаммад Эршадул Карим 2-курс магистранттарына дәріс оқуға және кеңес беруге шақырылды. Сабақтар бекітілген кестеге сәйкес, апта сайын өткізіледі. Сонымен қатар кафедраның ұсынысы бойынша доктор Карим 1-курс PhD докторантының ғылыми кеңесшісі болуға, «ҚазҰУ Хабаршысы. Заң сериясы» ғылыми журналының редакциялық алқасына мүше болуға және ғылыми жобаға қатысуға келісті.
Доктор Мохаммад Эршадул Карим – Азиядағы құқық және технологиялар саласындағы жетекші ғалым және сарапшы. Ол нанотехнологиялар бойынша PhD дәрежесіне ие және Bright Spark бағдарламасының стипендианты. «Жасанды интеллект», «Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар», «Нанотехнологиялардың құқықтық және нормативтік аспектілері», «Жаңа технологиялар және құқық», «Жеке өмірді қорғау және деректерді қорғау заңнамасы» және басқа да бағыттарда көптеген еңбектердің авторы. Доктор М.Э.Каримнің ғылыми және педагогикалық тәжірибесі 25 жылды құрайды, ол әлемнің 58 университетінде дәріс оқыған. Оның 28 ғылыми мақаласы SCOPUS базасында, 25 мақаласы Web of Science базасында индекстелген. Сонымен қатар ол 6 монографияның авторы және 10 кітаптың қосалқы авторы.
Қорытындылай келе айтарымыз, қазіргі таңда заң факультетінде шетелдік ғалымдарды оқу және ғылыми қызметке тарту деңгейінің тұрақты өсімі байқалады. Бұл үрдіс университеттің академиялық беделін, сондай-ақ білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулердің сапасын айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Университет басшылығының жоғары білікті шетелдік мамандарды тарту жөніндегі шаралары жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесін дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы маңызды қадам.
Архат ӘБИКЕНОВ,
заң ғылымының кандидаты,
доцент
Басқа жаңалықтар