Кітап индустриясының жаңа бағыттары таныстырылдыFarabi University

Кітап индустриясының жаңа бағыттары таныстырылды

14 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде «Цифрландыру дәуіріндегі баспа ісі және кітаптану: заманауи үрдістер және даму болашағы» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Іс-шараны Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы ұйымдастырды.

Конференцияға еліміздің жетекші ғалымдары, қаламгерлер, филологтер, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, мәдениет қайраткерлері мен оқытушылар қатысты.

Шараны ашқан ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, профессор Бауыржан Жақып цифрландыру жағдайында ұлттық кітап мәдениетін сақтау өзекті екенін атап өтті.

«Цифрлық дәуір бізден тек бейімделуді емес, жаңа технологиялардың ұлттық әдебиет пен баспа ісінің дамуына қалай қызмет ететінін терең түсінуді талап етеді. Кітап – қоғамның рухани негізі, ал біздің міндет – оны заманауи әдістермен нығайту», – деді ғалым.

Пленарлық және секциялық отырыстарда қатысушылар баспа ісінің трансформациясы, контент дайындаудың жаңа стандарттары, редакторлық және дизайнерлік тәжірибедегі жасанды интеллектінің рөлі, сондай-ақ Қазақстандағы кітап индустриясының даму мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.

Конференция қорытындысында тараптар бірлескен жобалар жүргізуге, тәжірибе алмасуға және баспа ісі мен кітаптану саласындағы инновацияларды дамытуға дайын екендіктерін білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі