ҚазҰУ-да экологиялық мәдениетті нығайту апталығы өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде экологиялық мәдениетті арттыру, қоғамдық сананы жаңғырту және жастарды табиғатты қорғау жұмыстарына тарту жөніндегі саяси бастамаларына сәйкес іс-шаралар апталығы өтті.
ҚазҰУ қалашығы аумағын көгалдандыру және абаттандыру, волонтёрлік және студенттерге арналған экологиялық жобалар қолға алынды. Бұған қосымша оқу корпустары мен жатақханалардың ішкі және сыртқы аумақтары тазартылып, қоршаған ортаны күтіп баптауға арналған арнайы дөңгелек үстел отырыстары ұйымдастырылды. Апталық жалпыуниверситеттік сенбілікпен қорытындыланды.

«Таза Қазақстан» ұлттық акциясына қолдау ретінде ұйымдастырылған шараларға оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы, ғалымдар, білім алушы жастар белсенді атсалысты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Елімізді абаттандыру және көгалдандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бір реттік науқан емес, жалпыұлттық міндет. Мұндай жұмыс үнемі жүргізілуі керек. Біз Қазақстанға қамқорлық жасауымыз керек – бұл өмір салтына айналуы тиіс. Бүкіл Қазақстан таза болуы керек, бұл бізге және жастарға байланысты», - деп атап өткен болатын.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасымен «Жасыл кампус» қағидатын дамыту бағытында оқу ордасында жүйелі түрде жұмыстар жүргізіліп келеді. ҚазҰУ қалашығында әр көктем мен күз мезгілінде ағаш отырғызу, гүлзарларды көбейту, жасыл аймақтарды күтіп-баптау, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мәдениетін насихаттау ісі дәстүрге айналған.
















Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар