- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТА – ТЕҢГЕ КҮНІНЕ ОРАЙ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ
ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТА – ТЕҢГЕ КҮНІНЕ ОРАЙ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ
Ұлттық валюта – Теңге күні мен БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына (4-мақсат «Сапалы білім», 10-мақсат «Теңсіздікті азайту») қол жеткізуге ықпал ету мақсатында 2025 жылдың 14 қарашасында Жоғары экономика және бизнес мектебінің (бұдан әрі – ЖЭжБМ) «Қаржы және есеп» кафедрасы «Жасыл қаржы және ESG-инвестициялар: жаһандық тренд және жергілікті сын-қатерлер» тақырыбында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды.
Конференция жұмысы келесі өзекті бағыттар бойынша өткізілді:
- Қазақстанның қаржы жүйесінің рөлін цифрлық трансформация, экожүйелер мен FinTech дамуы жағдайында қайта қарастыру
- Жасыл қаржы және тұрақты даму
- ESG және инвестицияларды басқару
- Цифрлық қаржы және жасанды интеллект
- Қаржылық қауіпсіздік және ұлттық қаржы саясаты
- Жаһандық өзгерістер дәуіріндегі есеп пен аудиттің тұрақты дамуы
Семинарға ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері, қаржы нарығының субъектілері, қаржы сарапшылары, шетелдік және отандық ғалымдар, сондай-ақ ЖЭжБМ-нің докторанттары қатысты.
Іс-шара тақырыбының таңдалуы кездейсоқ емес. ESG күн тәртібі мен жасыл қаржының өзектілігі олардың экономикалық артықшылықтарымен — қаржыландыруға қолжетімділік, шығындарды төмендету, инвесторлар мен серіктестер тарапынан өсіп келе жатқан сұраныспен байланысты. Геосаяси өзгерістерге қарамастан, ESG қағидаттары халықаралық нарықтарда жұмыс істеудің негізгі талаптарының біріне айналды. Олар қазақстандық компанияларға тұрақтылығын арттыруға, инвестициялық тартымдылығын күшейтуге, ал инвесторларға тәуекелдерді тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ESG-философиясы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен тығыз байланысты, бұл оған жаһандық және ұзақ мерзімді сипат береді.
ЖЭжБМ деканы, э.ғ.к., доцент Ермекова Жанна Жандарбекқызы құттықтау сөзінде барлық қатысушылар мен қонақтарға алғыс айтып, ЖЭжБМ-нің қызметі мен жетістіктері туралы қысқаша баяндап, конференция жұмысына табыс тіледі.
«Қаржы және есеп» кафедрасының меңгерушісі, э.ғ.к., профессор м.а. Сартова Рысты Бозманаевна өз құттықтауында іс-шара күн тәртібінің өзектілігі мен маңыздылығын атап өтіп, барлық спикерлер мен қатысушыларға жемісті жұмыс тіледі.
Іс-шара модераторы – кафедра меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, э.ғ.к. Сырлыбаева Назгүл Шенгельбайқызы конференция жұмысын жалғастырып, шақырылған қонақтар мен спикерлерге сөз берді.
PhD докторы, Индонезиядағы Даруссалам Гонтор университетінің Ислам экономикасы және құқық колледжінің профессоры Ахмад Афанди Махфудз өз баяндамасында исламдық бағалы қағаздардың – сукуктың токенизация перспективалары және олардың жасыл қаржыландырудағы рөлі туралы пікірімен бөлісті.
ҚР ҚНРДА әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру департаментінің бас сарапшысы, Fingramota.kz арнайы жобасының менеджері Аким Гадильбек қаржылық қызметтер тұтынушыларының құқықтарын қорғау, жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру бағыттары бойынша Агенттіктің негізгі жұмыстары туралы ақпарат берді. Спикер сондай-ақ қаржылық алаяқтықтың жаңа түрлерінің көбейіп, жастарды қылмыстық схемаларға тарту қаупінің артып отырғанын атап өтті. Бұл өз кезегінде бірлескен жұмысты күшейтуді талап етеді.
Қаржы нарығы субъектілерінің өкілдері де сөз сөйледі. Ислам банкі «Al Safi Bank» шариғат және аудит департаментінің басшысы Амина Маханбет банк жұмысы, Қазақстандағы исламдық банкинг ерекшеліктері және жасыл қаржыландырудың банк практикасына енгізілуі туралы баяндады.
«Отбасы банк» АҚ Алматы қаласындағы филиал директорының орынбасары Оналбаева Камшат Болатбекқызы тұрғын үй жинақ жүйесіндегі жаңалықтармен және банкте ESG стандарттарын енгізу үдерісімен таныстырды.
«№1 Қаржылық сауаттылық мектебінің» негізін қалаушы, бизнес-тренер, CISSA кәсіби спикері, Erickson International сертификатталған коучі - Ақжүніс Брасилова Қазақстандағы цифрлық және қаржылық қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне тоқталып, алаяқтықтың өсуі жағдайында халықтың қаржылық сауаттылығын арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Финляндияның Ювяскюль университетінің профессоры, PhD докторы Айджаз Шейх жасыл қаржы және ESG-инвестициялар бойынша ғылыми зерттеу алгоритмдерімен таныстырып, ғылымның жаңа идеялар мен инновациялардың басты қозғаушы күшіне айналғанын атап өтті.
Әрі қарай Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғалымдары, оқытушылары мен докторанттары сөз алып, жасыл қаржы мен ESG-инвестициялар күн тәртібінің геосаяси және экономикалық құбылмалылыққа қарамастан, өзектілігін жоғалтпай, керісінше маңызы артып келе жатқанын атап өтті.
Жасыл қаржыландыру мен ESG-инвестициялар климаттың өзгеруімен күрес, парниктік газдар шығарындыларын азайту, биоәралуандылықты сақтау және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін аса маңызды құралдар болып табылады. ESG қағидаттарын енгізетін компаниялар тұрақтылығы жоғары, инвесторлар үшін тартымды және ұзақ мерзімді өсімді көрсетеді.
ESG-кредиттеу мен жасыл облигациялар нарығы тұрақты өсуді жалғастыруда. Жасыл қаржыландыру критерийлеріне сай келетін жобалар (жаңартылатын энергия, қалдықтарды өңдеу, энергия тиімділігі) белсенді түрде капитал тартуда.
2025 жылы ESG ландшафы одан әрі дамып, нарық қатысушылары ашықтықты арттыру және «гринвошингпен» күресу бағытында көбірек назар аударып отыр. Қазақстанда және Еуразия өңірінде тұрақты даму стратегиялары мен жасыл қаржы құралдарын әзірлеуге қызығушылық артып келеді.
Жалпы, конференция қатысушыларының ұсыныстары мен пікірлері қаржы және академиялық ортада үлкен қызығушылық тудырып, олардың өзектілігі мен маңыздылығын дәлелдеді.
Басқа жаңалықтар