17 ҚАРАША – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТУДЕНТТЕР КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Құрметті ҚазҰУ студенттері, білім алушы жастар!
Сіздерді Халықаралық студенттер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа адамдар» атты жастар форумында сөйлеген сөзінде: «Қазақстанның жастары – жасампаз. Жастар барлық өзгерістің бастауында тұрады. Еліміздің келешегі ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында», – деп атап өтті.
ҚазҰУ-дың негізгі миссиясы – елімізге және әлемге бәсекеге қабілетті, кәсіби, шығармашылық тұрғыдан ойлай алатын білікті мамандар даярлау. Университет тек білім беретін орда ғана емес, сонымен бірге студенттерге ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға, халықаралық тәжірибеден өтуге зор мүмкіндік беретін іргелі ғылыми-академиялық орта.
Бүгінгі таңда университетімізде 30 мыңнан астам студент білім алуда. Оның ішінде әлемнің 54 елінен келген 7 мыңнан астам шетелдік студент бар.
Биылғы жаңа оқу жылында ҚазҰУ-ға барлық білім беру деңгейлері бойынша 11 530 талапкер қабылданды. Соның ішінде 1-курсқа 6625 студент, сондай-ақ 1000-нан астам магистрант және 514 докторант оқуға түсті. Сонымен бірге университетіміздің білім алушылар қатары 3400-ден астам шетелдік студентпен толықты.
Ағымдағы жылы университет 562 білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда. Оның 149-ы – бакалавриат, 285-і – магистратура, 128-і – докторантура бағдарламалары.
ҚазҰУ-да Жас ғалымдар кеңесі белсенді жұмыс атқаруда. Жыл сайын «Фараби әлемі» халықаралық конференциясы мен Жас ғалымдар форумы өткізіледі. «ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымы» байқауы аясында ең үздік жас зерттеушілер анықталады. Бүгінде олардың 49-ы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жас ғалым» жобасының жеңімпаздары.
2022 жылдан бері университетте «Жас ғалым» гранттық қаржыландыру жобасы негізінде постдокторантура бағдарламасы іске асырылуда. Мемлекет қолдауының арқасында ҚазҰУ ғылымы дамып, жаңа жобаларға қаржылық гранттар бөлінуде. Президентіміздің қамқорлығын әсіресе жас ғалымдар айқын сезінді: ҚазҰУ-дың 18 жас ғалымы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан пәтер кілттерін алып, баспаналы болды.
Құрметті студенттер!
ҚазҰУ сіздердің сапалы білім алып, ғылымды игеріп, жан-жақты даму арқылы бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуларыңыз үшін барлық мүмкіндікке ие.
Әр күндеріңіз шабытқа, жаңа білімге және жарқын жетістіктерге толы болсын!
Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға береке, білім, ғылым жолында табыс тілеймін!
Құрметпен,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректор
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ
Басқа жаңалықтар