Тәуелсіздігімізді алғашқы болып мойындаған Түркия – бүгінде еліміздің Еуразия құрлығындағы маңызды әрі сенімді әріптесі. Еңсемізді енді тіктей бастаған уақыттардан бері түбі бір түркіліктің негізінде қос ел ынтымақ пен берекенің керемет үлгісін көрсетіп келеді. 1990 жылдың желтоқсан айында екі ел арасында білім беру, ғылыми жобалар жасау, өзара тәжірибе алмасу, ортақ мәдени шаралар жүргізу жөніндегі келісімге қол қойылды. Бұл келісім ұзақ уақыт бойы үзіліп қалған мәдени байланысты қайта жандандырды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті басшылығының Ыстамбұл университеті өкілдерімен кездесуі осы рухани байланыстың заңды жалғасы іспетті. Түркия елінен келген делегация құрамында Ыстамбұл университетінің ректоры, профессор Махмут Ак, осы ЖОО-ның проректоры, профессор Байрам Мерт Саврун мен университеттің бас хатшысы, профессор Метин Кучук болды.
Кездесу барысында негізгі мәселелер бойынша екі университет арасындағы ынтымақтастықтың даму жоспары, атқарылатын жұмыстардың бағыты қарастырылып, ықпалдастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов ұлттық университетте Юнус Эмре атындағы мәдени орталықтың ашылатындығын жеткізді.
Жоғары оқу орындарының арасындағы екіжақты қатынастардың қарқынды дамуы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Ыстамбұл университетінің ұстанымдарының ұқсастығы көпжақты ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымы бойынша өзара түсіністікті қамтамасыз етуге негіз болуда. Алдағы уақытта студенттермен және оқытушылармен алмасу белсенді жүзеге асатын болады. Биылғы жылы ҚазҰУ-ға Түркиядан 20 шақты студент оқуға жіберіледі деп күтілуде.
Өз кезегінде Ыстамбул университетінің ректоры, профессор Махмут Ак мырза жақын арада университет көлемінде әл-Фараби орталығының ашылатындығын айтып, технопарк мәселесіне тоқталды.
«Біз техникалық университет емеспіз. Дегенмен, технопарк мәселесі бізде жақсы дамыған. Алдағы уақытта салалық, нақты технопарктер жұмысын қамтамасыз ету жоспарда бар. Мәселен, медициналық технопарк. Бұл жоба біздің елде үкімет тарапынан қолдауға ие болды. Бүгінде университеттің 5 ауруханасы жылына 2 млн. 600 мың адамды емдейді және ҚазҰУ-да қызметін енді бастаған медициналық факультет үшін бұл ынтымақтастық жақсы тәжірибе болмақ», – деді Махмут Ак мырза. Кездесу соңында ҚазҰУ-дың Ғылыми кеңесі отырысына қатысқан Ыстамбұл университетінің ректоры Махмут Ак әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Құрметті профессоры атанып, ҚазҰУ достары клубының мүшелігіне қабылданды.