Студенттік орта – қоғамның интеллектуалдық капиталыFarabi University

Студенттік орта – қоғамның интеллектуалдық капиталы

17 қараша, 2025

Бәсекеге қабілетті жастар

Халықаралық студенттер күні жастардың әлеуетін арттыруға, олардың шығармашылық, көшбасшылық және қоғамдық белсенділігін қолдауға арналған маңызды мереке. Бұл күн – студенттердің қоғамдағы орны мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ болашаққа бағытталған бастамаларын қолдауға ерекше мән беретін символдық дата.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жүргізілетін жастар саясаты бәсекеге қабілетті, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары және белсенді тұлғаларды қалыптастыруды негізге алады. Білім ордасының  жүргізіп отырған саясаты студенттерге қоғам мен елдің тұрақты дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік береді.

Университет студенттердің жан-жақты дамуын қолдау мақсатында әр оқу жылында мынадай мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді: республикалық, халықаралық және шетелдік форумдарға қатысуға іссапарларға жіберу; республикалық деңгейде ұйымдастырылатын КВН ойындары мен пікірсайыс жарыстарына қатысуына қолдау көрсету, спортшы студенттердің спорттық жарыстар мен олимпиадаларға қатысуына жағдай жасау, студенттердің университеттік және қалалық деңгейде ұйымдастыратын іс-шараларын қаржылай қолдау және мүмкіндігі шектеулі жандарға толық жағдай жасау. Сондай-ақ білім ордасы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім студенттерді тегін жатақханамен қамтамасыз етуге, университеттің әлеуметтік қоржынында көрсетілген талаптарға сай, студенттердің оқу ақысына жеңілдік жасайды және асханаларда тегін тамақтану талондарын береді.

Осындай игіліктер арқылы университет студенттердің шығармашылық, академиялық және әлеуметтік белсенділігін арттыруға жағдай жасап, олардың жеке және кәсіби дамуына қолдау көрсетеді.

 

Scopus деректер базасында 497 ғылыми мақала жариялаған

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздегі «Ғылыми зерттеу университеті» мәртебесіне ие жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Бұл мәртебе университеттің білім беру, ғылым және инновация салаларындағы стратегиялық даму бағытын айқындап, халықаралық ғылыми кеңістікке қосылу деңгейінің жоғары екенін дәлелдейді.

Университеттің ғылыми әлеуетін дамытуға оқытушы-профессорлар құрамымен бірге білім алушы жастар да белсенді атсалысып келеді. Қазіргі таңда жас зерттеушілердің ғылыми белсенділігі айтарлықтай артып, нәтижесінде ҚазҰУ білім алушылары Scopus деректер базасында 497 ғылыми мақала жариялаған. Бұл еңбектердің авторлары ретінде 185 білім алушы – докторанттар, магистранттар және бакалавр студенті тіркелген.

Аталған көрсеткіш университеттің ғылыми-зерттеу қызметін ұйымдастырудағы тиімді жүйесінің, студенттерге арналған ғылыми жетекшілік институтының, сондай-ақ ғылыми жобалар мен стартаптарға қолдау көрсететін инфрақұрылымның нәтижесі. ҚазҰУ жанындағы ғылыми-зерттеу институттары, зертханалар білім алушы жастардың зерттеушілік дағдыларын дамытуға кең мүмкіндік ұсынып отыр.

Білім  ордасы оқытушы-профессорлдарының ғана емес, студенттерінің де халықаралық басылымдарда мақалаларының жариялануы – университеттің ғылыми әлеуетінің өсіп келе жатқанын, сондай-ақ жас зерттеушілерді ғылымға тарту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігін айқын көрсетеді.

 

Студенттердің дамуына жан-жақты жағдай жасалған

Студенттік орта – қоғамның интеллектуалдық капиталы мен инновациялық дамуының негізгі қозғаушы күші. Қазіргі таңда университетте 16 мыңға жуық студент білім алуда. ҚазҰУ Жастар ұйымдары комитеті университеттің барлық факультеттерінің студенттік деканаттарын, студенттік ұйымдар мен қызығушылық клубтарын біріктіру арқылы студенттердің жан-жақты дамуына жағдай жасайды. Бүгінгі таңда университетте 11 ұйым және 3 клуб жұмыс істейді. Оларды атап өтер болсақ: «Сұңқар» студенттер мен магистранттардың кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігі, студенттік Сенат – студенттердің мүдделерін қорғау және көшбасшылықты дамыту алаңы, ҚазҰУ Еріктілер лигасы – бұл жастардың әлеуметтік белсенділігі мен тұрақты дамуға қосқан үлесі. Сонымен бірге  «Көмек» қоғамдық қоры – әлеуметтік жауапкершілік пен инклюзивті қоғамды дамытуға жұмыс істейді. Ал ҚазҰУ Жоғары студенттік кеңесін патриотизм мен студенттік көшбасшылық мектебі десек еш қателеспейміз. Сол сияқты ҚазҰУ-дың Шетелдік студенттер ұйымы мәдениетаралық байланыстар мен академиялық қолдауға күш салады. ҚазҰУ-дың Ғылыми студенттік қоғамы болашақ ғалымдар мен инноваторлар ортасының кеңеюіне ықпал етеді. Фараби студенттік ассамблеясы мен Жастар рухы Қазақстан жастарының дамуы мен көшбасшылық платформасына қызмет етеді. Сондай-ақ «Саналы ұрпақ» студенттік клубы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырумен айналысса, «Алтын сапа» интеллектуалдық дебат клубы қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, жастардың азаматтық көзқарасын қалыптасыруға ықпал етеді.

 

Волонтерлік жұмыстарда белсенді

ҚазҰУ-дың Жастар ұйымдары комитеті мен ерікті студенттері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді түрде атсалысады. Акция аясында биыл білім алушылар 26 рет сенбілікке шықты. Оған 10 мыңға жуық студент тартылды. Акция барысында ҚазҰУ қалашығына, Алматы қаласының көшелеріне, Көкжайлау мен Аюсай сарқырамасына бірнеше рет сенбілік ұйымдастырылды. Студенттер көгалдандыру мақсатында түрлі талшыбықтар егіп, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосты.

Университетімізде білім алатын шетелдік студенттер де оқу ордасында өтетін түрлі іс-шараларға белсене қатысады. Мысалы, әр ел студенті өз елінің бұрышын даярлайды. Шетелдік студенттермен бірлесе Дивали, Холли мерекелерін атап өтті. Бүгінде Ағылшын клубы, Айлтс клубы, сонымен бірге қазақ және орыс тілдерін үйрену клубтары жұмыс істейді.

Халықаралық деңгейдегі форумдарда студенттеріміз волонтерлік жұмыстарға белсене атсалысады. Атап айтсақ, QS Азия Тынық мұхиты саммитінде – 80, Түркі дүниесі жастарының форумында – 120 студент волонтерлік қызмет атқарды. Студенттеріміз келген қонақтармен тығыз байланыс орнатып, өздеріне әлемнің түкпір-түкпірінен дос тапты.

Сондай-ақ ҚазҰУ студенттері халықаралық және республикалық олимпиадаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Мәселен, 246 студент түрлі деңгейдегі білім сайыстарына қатысып, университетіміздің абыройын асқақтатты. Оның ішінде 106 студент – республикалық олимпиадаларда бақ сынаса (43,1%), 140 студент – халықаралық деңгейде ел намысын қорғады (56,9%). Білімді, бәсекеге қабілетті жастардың биік белестерді бағындыруы – университетіміздің сапалы білім мен тәрбие беруге деген ұмтылысының айқын дәлелі.

 

Қоғамға қызмет ету дағдысы қалыптасады

Халықаралық студенттер күніне орай, университетте «Көмек» қоғамдық қорының еріктілер акциялары ұйымдастырылды. Студенттік кеңес ұйымының жеткшілігімен «Students Vibe», «Student Power», «Top Student Awards» кештері өтті. «Алтын сапа» интеллектуалдық дебат клубының пікірталас алаңында студенттер бас қосып, қазіргі білім беру саласының өзекті мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Арт-орталығы студенттері «Біз» студенттік театрының «Ғашықтар хикаясы» атты қойылымын қойды. Болон үдерісі бойынша студенттік бюроның «FIT Monet», «Best of the Best» кештері білім алушылардың көңілінен шықты. «Сұңқар» студенттер мен магистранттардың кәсіподақ ұйымы «Fresh Minds» фестивалін ұйымдастырды. Құқықтық тәртіп жасағының «TOP Project» мәдени және спорттық шаралары көпшіліктің көңілінен шықты.

Халықаралық студенттер күні қарсаңында өткен бұл іс-шаралардың барлығы жас буынның көшбасшылық, командада жұмыс істеу және қоғамға қызмет ету дағдыларын дамытуға негізделген.

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ