Университет газеті

«QAZAQ UNIVERSITETI» – ЖУРНАЛИСТЕР ҰСТАХАНАСЫ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың төл басылымы – «Qazaq universiteti» газетінің тарихы 1948 жылдан басталады. Газеттің негізгі бағыты – еліміздің білім саласындағы, университеттегі басты жаңалықтармен, қоғамдық-саяси, тәлім-тәрбиелік маңызы бар іс-шаралармен, оқу-әдістемелік жұмыстармен білім ордасының қызметкерлерін, ұстаздар мен студенттер қауымын таныстырып отыру. Оқырмандар газет арқылы ғылыми, мәдени жаңалықтармен, факультеттерде өткен іс-шаралармен, жаңа оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдармен, монографиялармен, студенттің мамандық игерудегі табыстарымен таныса алады. Сонымен қатар басылымда университеттегі жазуға бейімі бар студенттердің шығармашылығы насихатталады.

«Qazaq universiteti» газеті – негізінен студенттерге арналып, ізденушілердің көмегімен жарық көрген басылым. Бүгінгі көптеген қаламгерлер үшін нағыз журналистиканың мектебі болды. Газет 2011 жылдан бастап апта сайын жарық көреді. Жетпіс бес жылдан астам тарихында университеттік басылым дамыды, өзгерді, кемелденді. Газет басшылығының тізгінін ұстаған редакторлар қатарында Сейділда Төлешов, Тауман Амандосов, Шерияздан Елеукенов, Юрий Крикунов, Абдул-Хамид Мархабаев, Сағымбай Қозыбаев, Дандай Ысқақ, Кәкен Қамзин, Қайрат Сақ, Сағатбек Медеубекұлы, Гүлмира Сұлтанбаева, Мәншүк Мұқашева, Бекжан Әшірбаев, Дәрмен Смайыл, Саягүл Әлімбекова, Әйгерім Әлімбекова, Досжан Балабекұлы сынды білікті ұстаздар, журналистер, жазушылар, қоғам қайраткерлері бар. Қазіргі таңда «Qazaq universiteti» газетінің бас редакторы – Қазақстан журналистер одағының мүшесі Гүлнар Жұмабайқызы.

«Qazaq universiteti» газеті офсеттік қағазда, түрлі-түсті болып жарық көруде. Редакция ұжымының алдағы уақытта атқаруға бел байлаған бірқатар жоба-жоспарлары бар. Кейінгі жылдары басылымда жаңа айдарлар ашылды. Университет ғалымдарының ғылыми жаңалықтары мен инновациялық жобаларын тұрақты таныстырып отыру – басты назарда. «Инновация» айдарында ҚазҰУ-да білім алып, жұмыс істеп жатқан ғалымдар жаңалығымен бөліседі. «Кемел» айдарымен кейінгі ұрпаққа өсиет айтар алдыңғы толқын ғалым-профессорлар және меценаттармен, ал «Білім интеграциясы» айдарында шетелдерден университетке арнайы шақыртылған мамандармен кең ауқымды мақалалар дайындалады. «Көшбасшылық дәріс» айдарында белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал тұлғалар білім ордасы студенттеріне өз көрген-түйгені мен өмірлік тәжірибесі жайлы ой бөлісіп, дәріс оқиды. «Менің университетімде» білім ордасының танымал түлектері студенттік шақтағы жылы естелігі мен қол жеткен жетістіктері жайлы әңгімелейді. «Студенттер айнасы» айдарында студенттер өміріндегі жаңалықтар мен олардың шығармашылығы насихатталады.

«Qazaq universiteti» газеті 2022 жылдан бастап республика көлемінде тарайды. «Қазпошта» каталогына енгізіліп, оқырмандардың өзі қалаған жерге жаздырып алуына мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ газетке жазылушылар Halyk bank QR қосымшасы арқылы төлем жасай алады. Газеттің республикалық мәртебесі редакциялық алқа мүшелеріне оқырмандармен тығыз байланыста болуға, газет материалдарының мазмұндық деңгейі мен көркемдік безендірілуін көтеру міндетін алға қояды.

Қайта түлеген «Qazaq universiteti»­ ­– сенімді серігіңізге айналсын!

«Qazaq universiteti» газетінің мекенжайы: 050040, Алматы қ., Әл-Фараби даңғылы, 71. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректораты, 3-қабат, 305, 307-бөлме.

Байланыс телефоны: 377-33-33, ішкі: 32-27, 32-28

Газеттің электронды мекенжайы: kaznugazeta@gmail.com

Толығырақ