Ғылыми-әдістемелік кеңес
Ғылыми-әдістемелік кеңес университеттің білім беру қызметінің сапасын арттыруға бағытталған ғылыми-әдістемелік жұмысының құқықтық, ұйымдастырушылық негіздерін айқындайтын, университеттегі алқалы-кеңесші, әкімшілік және атқарушы басқару органы болып табылады.
Ғылыми-әдістемелік кеңестің ережесі
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КеАҚ Ғылыми-әдістемелік кеңесі туралы осы ереже (бұдан әрі – Ереже) «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КеАҚ (бұдан әрі – Университет) Ғылыми-әдістемелік кеңесінің (бұдан әрі – Кеңес) құқықтық мәртебесінің негізін айқындайды.
Ереже Кеңес қызметінің мақсатын, негізгі міндеттері мен бағыттарын реттейді, оның құрылымын, жұмыс тәртібін, сондай-ақ мүшелерінің құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін айқындайды.
Кеңес университеттің білім беру қызметінің сапасын арттыруға бағытталған ғылыми-әдістемелік жұмысының құқықтық, ұйымдастырушылық негіздерін айқындайтын, университеттегі алқалы-кеңесші, әкімшілік және атқарушы басқару органы болып табылады.
Ереже келесі талаптарға сәйкес әзірленді:
- 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының "Білім туралы" Заңы;
- «Кредиттік технология бойынша оқу процесін ұйымдастыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 20 сәуірдегі № 152 бұйрығы;
- «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 20 шілдедегі № 2 бұйрығы;
- «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 бұйрығы;
- "Әдістемелік (оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік) кеңес қызметінің үлгі ережесін және оны сайлау тәртібін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2007 жылғы 21 желтоқсандағы № 644 бұйрығы және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілері бойынша.
Кеңес өз қызметінде жоғарыда аталған НҚА-дан басқа, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын, Университет Жарғысын, осы Ережені және Университеттің басқа да ішкі құжаттарын басшылыққа алады.
Кеңес өз қызметінде Университеттің Ғылыми Кеңесіне есеп береді.
Кеңестің ұйымдастырушылық қызметін қамтамасыз ету Академиялық мәселелер жөніндегі департаменттің Білім беру бағдарламаларын жобалау кеңсесіне (бұдан әрі – ББЖК) жүктеледі.
Ереже университеттің ішкі нормативтік құжаты болып табылады және Кеңестің шешімдері университеттің оқу процесіне қатысатын барлық құрылымдық бөлімшелері үшін міндетті.
Осы Ережені бекіту, өзгерту, толықтыру және жою туралы шешім кеңесте алдын ала қаралғаннан кейін Университеттің Ғылыми Кеңесінің шешімімен бекітіледі.
Ереже бес жылдан аспайтын мерзімге қабылданады. Көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін құжат қайта қарауға жатады. Қажет болған жағдайда Ережені мерзімінен бұрын жаңартуға болады.
Осы Ережемен реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларына және Университеттің ішкі нормативтік құжаттарына сәйкес шешілуге жатады.
Осы Ережемен Кеңеске жүктелген міндеттердің, сапасы мен уақтылы орындалуына кеңес төрағасы жауапты болады.
Кеңестің әрбір мүшесі Кеңестің бекітілген жұмыс жоспары-кестесіне және осы Ереженің талаптарына сәйкес Кеңестің қызметіне қатысты жұмыстар мен іс-шаралардың толық көлемде орындалуына дербес жауапты болады.
Төрағаның құқығы бар:
- кеңес мүшелері арасында өкілеттіктерді бөлуге;
- кеңестің шешімдерін іске асыруға жауаптыларды тағайындауға;
- міндеттер қоюға, тапсырмалар беруге және оларды орындау мерзімдерін белгілеуге, сондай-ақ Кеңес қызметіне қатысты мәселелер бойынша тапсырмалардың орындалуын талап етуге;
- басшылары тек Кеңес мүшелері бола алатын, Кеңес қызметіне қатысты әртүрлі жобаларды орындау үшін жұмыс топтарын құруға.
Кеңес төрағасы Кеңес қызметін басқаруға, үйлестіруге және бақылауға міндетті.
Кеңес мүшелерінің құқығы бар:
- Кеңес отырысының күн тәртібіне ұсыныстар енгізуге;
- Кеңес қызметіне қатысты мәселелер бойынша құжаттаманы жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлеуге және енгізуге қатысуға;
- Кеңес отырыстарына оқытушыларды, Университет қызметкерлерін және басқа да мүдделі тұлғаларды шақыруға;
- Университеттің құрылымдық бөлімшелерінен кеңес отырысын өткізуге қажетті ақпаратты сұратуға.
Кеңес мүшелері міндетті:
- құрылымдық бөлімшелердің Кеңес шешімдерін орындауын бақылауды жүзеге асыру және олардың нәтижелілігін бағалау;
- Университет басшылығын, басқару шешімдерін қабылдау үшін қажетті ақпаратпен уақтылы қамтамасыз ету.
Кеңес хатшысы Кеңестің төрағасынан, орынбасарынан және Кеңес мүшелерінен Кеңес отырыстарын өткізу үшін қажетті ақпаратты сұратуға құқылы.
Хатшы міндетті:
- Кеңес отырыстарының ұйымдастырушылық дайындығын қамтамасыз етуге, күн тәртібін қалыптастыруға және келісуге, Кеңес мүшелерін хабардар етуге;
- Кеңес қызметіне қатысты құжаттарды сақтауға.
Кеңес құрамына:
- төраға – Басқарма мүшесі-академиялық мәселелер жөніндегі проректор;
- төрағаның орынбасары-Академиялық мәселелер жөніндегі департамент басшысы;
- мүшелері-академиялық мәселелер жөніндегі департамент басшысының орынбасарлары, факультет/мектеп декандары;
- хатшы- ББЖК жетекшісі.
Сондай-ақ, Кеңестің құрамына университеттің білім беру процесіне қатысатын университеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары (білім беру бағдарламаларын жобалау кеңсесі, халықаралық ынтымақтастық департаменті, тіркеу кеңсесі, аттестаттау және ғылым департаменті, кадрлар даярлау бағыттары бойынша академиялық комитеттердің төрағалары) кіруі мүмкін.
Кеңес қызметіне тікелей басшылық жасау төрағаға жүктеледі. Ол болмаған жағдайда – Кеңес төрағасының орынбасарына / кеңестің тағайындалған мүшесіне.
Кеңес отырыстары жаңа оқу жылындағы бірінші отырыста бекітілген жылдық жұмыс кестесіне сәйкес кемінде екі айда бір рет өткізіледі.
Кеңес жұмысының жоспар-кестесін қалыптастыру Университеттің даму бағдарламаларын ескере отырып және Кеңес мүшелерінің ұсыныстары, сондай-ақ құрылымдық бөлімшелер басшыларының, ПОҚ және Университет қызметкерлерінің ұсыныстары негізінде жүзеге асырылады.
Сапа менеджментінің талаптарына сәйкес Кеңес жұмысының жоспар-кестесі ресімделеді.
Кеңес отырысын дайындауды, отырыс басталуына екі күн қалғаннан кешіктірмей, барлық қажетті құжаттаманы ұсына отырып, Кеңес төрағасы бекіткен күн тәртібі туралы Кеңес мүшелерін хабардар ету арқылы, Кеңес хатшысы жүзеге асырады.
Күн тәртібінде өткізілетін күні, уақыты мен орны, сөз сөйлеу регламенті және отырыста талқыланатын мәселелер көрсетіледі.
Кеңестің кезектен тыс отырысын өткізу туралы шешімді оның төрағасы/төрағаның орынбасары немесе Кеңестің кемінде 1/3 бөлігінің талабы бойынша қабылдайды.
Кеңес отырысы, егер оған оның құрамының жартысынан астамы қатысса, заңды деп есептеледі.
Кеңестің шешімдері қарапайым, отырысқа қатысушылардың жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Кеңес хатшысы Кеңестің басқа мүшелерімен тең дәрежеде дауыс беруге құқылы. Берілген дауыстар тең болған жағдайда шешуші дауыс Кеңес төрағасына тиесілі болады.
Кеңестің алқалы түрде қабылдаған шешімдері оның мүшелері үшін міндетті болып табылады. Әрбір шешім бойынша шешімнің орындалуын бақылайтын жауапты тұлға тағайындалады.
Кеңес отырысы хаттамамен ресімделеді, оның түпнұсқасы ББЖК-де сақталады. Хаттама отырыс өткізілген сәттен бастап үш күн ішінде дайындалады және оған Кеңестің төрағасы мен хатшысы қол қояды.
Кеңес отырысында қабылданған шешімдер, Кеңес мүшелеріне және барлық мүдделі тұлғаларға жіберілетін отырыс хаттамаларынан үзінді көшірмелермен рәсімделеді.
Кеңесті құру, қайта ұйымдастыру, тарату, сондай-ақ Кеңестің сандық құрамы және оны өзгерту, Басқарма төрағасының – университет ректорының бұйрығымен бекітіледі.
Кеңестің құрамы 1 оқу жылына бекітіледі.
Кеңес қызметінің негізгі бағыттары болып:
- білім беру үдерісін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді ескере отырып, білім беру бағдарламаларын, оқу жоспарларын және басқа да академиялық құжаттаманы сараптау кезінде туындайтын даулы мәселелерді қарау;
- кадрларды даярлау бағыттары бойынша академиялық комитеттерге ұйымдастырушылық басшылық жасау;
- білім беру процесін оқу-әдістемелік сүйемелдеу мәселелеріне қатысты нормативтік құқықтық құжаттардың жобаларын жетілдіру бойынша ұсыныстарды талқылау және енгізу;
- оқу-әдістемелік жұмыстың деңгейін көтеру бойынша факультеттердің/мектептердің қызметін үйлестіру;
- оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді, оның ішінде электрондық жеткізгіштерде және дидактикалық материалдарды әзірлеуді ұйымдастыру;
- білім беру процесіне оқытудың инновациялық технологияларын, белсенді және интерактивті әдістерін енгізу жоспарларын әзірлеу;
- мамандарды даярлаудың барлық деңгейлері бойынша білім беру бағдарламаларын сүйемелдеп, алып жүру;
- ПОҚ оқу-әдістемелік жұмысының барлық түрлерін үйлестіру.
Кеңес қызметінің мақсаты университетте ғылыми-әдістемелік, зерттеу және инновациялық жұмысты ұйымдастыру мен жоспарлау, университеттің білім беру процесін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді жетілдіру бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
Кеңестің негізгі міндеттеріне мыналар жатады:
- Университетте білім беру процесін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету сапасының мониторингін ұйымдастыру;
- "Қазақ университеті"баспа үйінде шығарылатын оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді, құралдар мен басқа да материалдарды жоспарлау, сараптаманы ұйымдастыру және басып шығаруға ұсыныс жасау;
- академиялық және ғылыми-әдістемелік жұмыстың негізгі бағыттары бойынша комитеттер мен комиссиялар құру, олардың қызметін бақылау;
- білім беруді дамыту және оны іске асыруда басым бағыттарды қалыптастыру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу;
- оқу процесінің мазмұнын, ұйымдастырылуын және әдістемелік қамтамасыз етілуін реттейтін әкімшілік-нормативтік құжаттаманы әзірлеу;
- мамандарды даярлау сапасын бақылау және бағалау бойынша анықтамалық, есептілік және басқа да құжаттарды әзірлеу және оларды Университет басшылығына, Ғылыми Кеңеске ұсыну, сондай-ақ Университет қызметінің нәтижелері бойынша есеп беру құжаттамасын дайындау;
- Университет жұмысының тәжірибесіне инновациялық білім беру технологияларын, оқыту нысандары мен әдістерін енгізу бойынша ұсынымдар әзірлеу.