Farabi бизнес мектебі түлектеріне дипломдар табысталды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Farabi International Business School түлектеріне диплом тапсыру салтанаты өтті. Биыл бизнес мектеп өз тарихындағы ең ауқымды нәтижеге қол жеткізіп, 200-ден астам магистрант пен 17 докторантқа диплом тапсырды. Дипломдарды ҚазҰУ Басқарма мүшесі – әлеуметтік даму жөніндегі проректор м.а. Бақытжан Омаров табыстады.
Бизнес мектеп түлектері арасында ірі және орта бизнес өкілдері, кәсіпорын басшылары, компания иелері, сондай-ақ аудан әкімдері, квазимемлекеттік ұйымдардың өкілдері мен облыстық мәслихат депутаттары бар. Мұндай кәсіби бағыттардың алуантүрлілігі – Farabi бизнес мектебінің білім беру бағдарламаларына деген жоғары сенімнің көрсеткіші.
ҚазҰУ Бизнес мектебі соңғы жылдары ұлттық және халықаралық деңгейде қарқынды дамып келеді. Мектеп директоры Жарасхан Сарыев студенттер санының тұрақты өсімін, DBA бағдарламаларының кеңеюін, ребрендинг жүргізілгенін, ACQUIN халықаралық аккредитациясының алынғанын, сондай-ақ QS MBA Ranking рейтингіне қатысуды маңызды жетістіктер ретінде атап өтті. Оның айтуынша, бұл нәтижелер бизнес мектептің беделін күшейтіп, түлектер дипломдарының құндылығын арттыра түседі. Өткен оқу жылында Farabi International Business School Қытайдың жетекші бизнес мектебі мен Үндістан университеттерінің магистранттарына арналған дәрістер өткізіп, халықаралық серіктестікті кеңейтті. Сонымен қатар ҚазҰУ-дың Бішкек, Ыстамбұл және Омбы қалаларындағы филиалдарында жұмысын күшейтіп, Ташкенттегі жаңа бағытты іске қосты.
EMBA және DBA бағдарламаларының жетекшілері Сәуле Күпешова мен Әлфия Абинова білім алушылармен жұмыстағы жеке тәсілдің маңыздылығын атап өтіп, түлектердің ғылыми-зерттеу жобаларының жоғары деңгейін ерекше атап өтті.
Салтанатты рәсім барысында ҚазҰУ, Қытай және Ұлыбритания университеттерінің түлегі, Ли Куан Ю мемлекеттік саясат мектебі мен Гарвард университетінің шақырылған зерттеушісі Ақылбай Арыстанбек сөз сөйлеп, түлектердің кәсіби жетістіктерінің оқу барысында қалыптасқан орта мен байланыстарға тікелей тәуелді екенін айтты. Ол түлектерді өзара ынтымақтастықты нығайтуға, кәсіби байланысты сақтауға және мақсатқа табандылықпен ұмтылуға шақырды.
Түлектер оқу кезеңінде алған білімнің олардың кәсіби дамуына айтарлықтай ықпал еткенін атап өтті. Бизнес, білім беру және мемлекеттік ұйымдардың өкілдері бағдарламалардың практикалық маңыздылығын және оқу барысында жинақталған тәжірибенің мансаптық өсуге серпін бергенін жеткізді. Олар қол жеткізген нәтижелер табандылықтың, мақсатқа деген адалдықтың және оқытушылар қолдауының арқасында мүмкін болғанын атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар