- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ Қытай ЖОО-ларымен жасыл энергетика және ЖИ бағытында жаңа жобаларды іске қосады
ҚазҰУ Қытай ЖОО-ларымен жасыл энергетика және ЖИ бағытында жаңа жобаларды іске қосады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қытайдың техникалық бағыттағы жоғары оқу орындарымен жасыл энергетика, цифрлық технология және жасанды интеллект саласы бойынша ортақ жобаларды іске асырады.
Аталған келісімге ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев пен Қытай Халық Республикасының өнеркәсіп және ақпараттандыру вице-министрі Чжан Юньмин арасында өткен екіжақты кездесуде қол жеткізілді.

Келіссөз барысында тараптар ҚазҰУ мен Қытай ЖОО-ларының инновациялық әлеуетін біріктіру, студенттер мен ғалымдардың академиялық ұтқырлығын кеңейту және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын ортақ пайдалану мәселесін талқылады.
Жансейіт Түймебаев жүздесуде құрметті қонақтың ҚазҰУ-ға жасаған сапары үлкен мәнге ие екенін атап өтіп, оқу ордасының қытайлық университеттермен жүзеге асырып жатқан жұмыстардың нәтижелері туралы ақпарат берді.

«Бүгінгі сіздің жасаған сапарыңыз екіжақты байланыстардың жаңа кезеңін айқындап, өзара тиімді ынтымақтастығымыздың перспективті бағыттарын зерделеуге зор мүмкіндік береді. ҚазҰУ Қытай университеттерін өте маңызды серіктес ретінде қарастырады. Оқу ордасында Қазақстан бойынша үлкен Конфуций орталығы мен Қытайтану кафедрасы табысты жұмыс істейді. Мұнда жастар қытай тілін үйреніп қана қоймай, Қытайдың мәдениеті және өркениетімен танысады. ҚазҰУ зерттеушілері 100-ден астам ғылыми жобаны жүзеге асыруда. Аталған инновациялық жобаларды қытайлық компаниялармен бірлесіп өндіріске енгізуді ұсынамын», – деді ректор.

Өз кезегінде Қытайдың өнеркәсіп және ақпараттандыру вице-министрі Чжан Юньмин серіктестіктің стратегиялық маңызы зор екенін атап өтіп, бірлескен жобаларды қолдауға дайын екенін білдірді.

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға жасаған сапарында «білімге инвестиция салу – аса маңызды бастамалардың бірі» деп атап өткен болатын. Осы тұрғыда ҚазҰУ-мен бірге ғылыми орталық ашуға және цифрлық технология, жасанды интеллект бағытында білікті мамандарды даярлауға дайынбыз», – деді вице-министр Чжан Юньмин.

Келіссөзден соң делегация мүшелері үшін арнайы тур ұйымдастырылды. Қонақтар ҚазҰУ базасындағы Қашықтықтан зондтау, Суперкомпьютер орталығын, Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын және ZTE компаниясының бөлімшесін көріп, оқу ордасының ғылыми инфрақұрылымымен танысты.


















Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар