Студенттерге көрнекі сот процесі ұсынылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында студенттерге арналған көрнекі сот процесі ұйымдастырылған ауқымды онлайн іс-шара өтті.
Тәжірибелік бастаманы Қазақстан Республикасының Бас көлік прокуратурасы мен Жоғарғы соты бірлесе жүзеге асырып, болашақ заңгерлердің практикалық даярлығының маңыздылығын және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін айқындады.

Студенттер факультеттің заманауи акт залында жиналып, бейнебайланыс арқылы кездесу өткізілді. Кездесу Қарағанды қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған, есірткі заттарын контрабандалау және өткізу фактілеріне қатысты іске арналды. Толық бейнетүсірілім сот талқылауының әрбір кезеңін – ант беруден және сот құрамын жариялаудан бастап, тараптардың уәждерін тыңдау мен шешім шығаруға дейін толық көлемде көрсетіп, ашықтықты қамтамасыз етті.
Іс-шара барысында практикалық аспектілерге ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда: дәлелдерді жинау әдістері, олардың тактикалық талдау қағидаттары, дәлелдемелік күш мәселелері, оның ішінде жедел-іздестіру шараларының, сараптамалардың және құжаттарды соттық бағалаудың рөлі.

Бұл формат студенттердің құқықтық сауаттылығын кеңейтіп қана қоймай, кәсіби құзыреттерді белсенді меңгеруге мүмкіндік берді. Яғни проблемалық сұрақтарды құрастыруға, дәлелдерді сыни талдауға, көпшілік алдында сөйлеуге, сондай-ақ динамикалық ортада құжаттармен жұмыс істеуге үйретті.

Білім алушы жастар сот жүйесінің жұмыс істеу тетіктерін түсіну үшін практикалық мысалдардың маңызын, ведомствоаралық ынтымақтастықтың құндылығын және теориялық білімнің нақты құқық қолдану жағдайларындағы өзектілігін атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар