ҚазҰУ тәжірибесі Ереванда таныстырылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті геоақпараттық жүйелердің дамуы мен олардың салалық цифрлық трансформациядағы рөлін талқылауға арналған GIS Technology Days in Armenia атты халықаралық конференцияға қатысты. Ауқымды жиынға ТМД елдерінің ғалымдары мен сарапшылары, университеттердің зерттеушілері шақырылды.
Армения астанасы Ереванда өткен іс-шараның биылғы тақырыбы: «Геоақпараттық жүйелер – XXI ғасырдағы цифрлық трансформацияның негізгі қозғаушы күші».
Конференция бағдарламасында цифрлық егіздер құру технологиялары, Жерді қашықтан зондтау деректерін GeoAI әдістерімен өңдеу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласына арналған ГАЖ шешімдері бойынша ғылыми-тәжірибелік баяндамалар ұсынылды. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, геокеңістіктік деректерді зияткерлік өңдеу болашақтағы салалық басқарудың маңызды құралына айналып отыр.
ҚазҰУ атынан конференцияға Инжиниринг және жоғары технологиялар кластерінің бас директоры Өміржан Тәукебаев қатысып, «Геокеңістіктік талдау және деректер ғылымы: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады. Ол университеттің ғылыми инфрақұрылымына енгізіліп жатқан геоақпараттық технологиялар, геокеңістіктік деректерді талдаудың өзекті бағыттары, модельдеу әдістері және ГАЖ технологияларын академиялық бағытқа интеграциялау тәжірибесіне ерекше мән берді. Сондай-ақ жер деградациясы мен шөлейттену процестеріне мониторинг жасаудағы геоақпараттық бағдарламалардың функционалдық мүмкіншіліктері баяндалды. Мәселен, LULC – жерді пайдалану және жер жамылғысының классификациясы, ГАЖ-ға негізделген морфометриялық талдау, ArcGIS Model Builder негізіндегі геокеңістіктік талдау, RUSLE моделі арқылы топырақ эрозиясын анықтау, геопорталдар жасау және тағы басқалар.
«Геоақпараттық технологиялар бүгінде тек картография құралы емес, деректерге негізделген ғылыми дәлдіктің жаңа парадигмасы. ҚазҰУ-да біз осы бағытта кешенді ғылыми зерттеулер жүргізіп, студенттер мен жас ғалымдарды заманауи геоаналитика құралдарымен жұмыс істеуге дайындап келеміз», – деп атап өтті Өміржан Тәукебаев.

Конференция барысында сондай-ақ ҚазҰУ мен Data+ International LLC компаниясы арасындағы стратегиялық әріптестік ерекше аталды. Университет – Қазақстандағы ESRI (Environmental Systems Research Institute) сауда маркасының ресми дистрибьюторы саналатын компаниямен ынтымақтастық туралы меморандумға ТМД кеңістігіндегі қол қойған алғашқы жоғары оқу орындарының бірі. Бұл серіктестік геоақпараттық технологиялар саласындағы халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді.
Іс-шара қорытындылары ҚазҰУ-дың геокеңістіктік ғылымдар саласындағы әлеуетін нығайтып, халықаралық әріптестік бағыттарын кеңейтуге және ГАЖ технологияларын ғылымға, білімге, өндіріс салаларына одан әрі енгізуге дайын екенін көрсетті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар