ТДМ №4: Театр – рухани әлемге ашылған терезе
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Физика-техникалық факультеті, Заң факультеті, Химия және химиялық технология факультетінің студенттері мәдени-рухани құндылықтарды арттыру және өнерге деген қызығушылықтарын кеңейту мақсатында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына арнайы барып, қазақ сахна өнерінің классикалық мұраларының бірі – «Қарагөз» қойылымын тамашалады.
Студенттерге қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің бұл шығармасы ерекше әсер қалдырды. Қойылымдағы актерлердің шынайы ойыны, сахналық шешімдердің тереңдігі, музыкалық әрлеу мен жарықтың үйлесімділігі жастарды бірден шығарманың атмосферасына енгізді. Оқиға желісі арқылы олар қазақ қоғамындағы махаббат, дәстүр, адам тағдыры, трагедия сынды ұғымдардың көркемдік тұрғыда қалай бейнеленетінін жақыннан сезінді.
Театр ұжымы қарапайым көрерменнің ғана емес, жас буынның сана-сезімін тәрбиелеуде үлкен рөл атқаратыны сөзсіз. Осы сапар барысында студенттер әдебиет пен өнердің рухани тәрбиедегі маңызын тағы бір түсініп, театр мәдениетімен тереңірек танысты. Спектакльден кейін ұйымдастырылған шағын пікірталас кезінде жастар өз әсерлерімен бөлісіп, режиссерлік шешімдер мен кейіпкерлердің мінездік ерекшеліктерін талқылап, өнерге деген қызығушылықтарының артқанын жеткізді.
Бұл мәдени іс-шара студенттердің эстетикалық талғамын дамытып қана қоймай, қазақ өнерінің бай мұрасын құрметтеуге, ұлттық рухани құндылықтарды бағалауға ықпал етті. Театрға жасалған бұл сапар олардың жадында ұзақ сақталары анық.




Басқа жаңалықтар