ҚазҰУ-да Республика күніне орай «Креативті және инновациялық идеялар» жәрмеңкесі өтті — ҚазҰУ

ҚазҰУ-да Республика күніне орай «Креативті және инновациялық идеялар» жәрмеңкесі өтті

23 қазан 2026
ҚазҰУ-да Республика күніне орай «Креативті және инновациялық идеялар» жәрмеңкесі өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қалашығында Республика күніне орай «Креативті және инновациялық идеялар» жәрмеңкесі өтті. «Әл-Фараби» кітапханасының алаңында ұйымдастырылған мерекелік іс-шара отандық өнімдерді, студенттік стартаптарды, ұлттық дәстүрлер мен қолөнерді насихаттауға, сондай-ақ экологиялық мәдениетті дамытуға арналды.

Мерекелік бағдарлама мемлекеттік туды көтерген студенттердің салтанатты шеруімен басталды. Іс-шара аясында университеттің студенттік стартап жобаларының көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар AIQaz-Media, KazNU Ilearn, Zhurek AI, Lamus AI, AlfaBrain, Embico, Alfadiscovery және Alfaflow жобаларымен танысты. Бұл бастамалар жастардың инновациялық ойлауын, технологиялық ізденісін және кәсіпкерлік әлеуетін танытуға мүмкіндік берді.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Adal Kitap», «Alash Book», «Альманахъ», «Дарын», «Jogary Bilim», «Лантар books» және «Қазақ университеті» баспалары өз өнімдерін ұсынды. Сонымен қатар «Darhan radio» медиаплатформасының таныстырылымы, студенттердің шығармашылық жұмыстары мен Республика күніне арналған сурет көрмесі ұйымдастырылды. «Жас шебер» стартапы аясында қолдан жасалған әшекейлер мен тоқыма бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ «Көмек» қоғамдық қорының қайырымдылық жәрмеңкесі өтті.

Іс-шараның мәдени бағдарламасынан ұлттық дәстүрлер мен спорттық ойындар да кең орын алды. Қонақтар қазақша күрес, асық ату, арқан тарту және тоғызқұмалақ ойындарымен танысып, зияткерлік ойындар мен патриоттық әндер орындалған концерттік бағдарламаны тамашалады. Түркия консулының қатысуымен құмда кофе дайындау өнері мен түрік шай ішу дәстүрі таныстырылып, келушілерге 1000 адамға арналған түрік кофесі ұсынылды.

Жәрмеңкеде отандық өнімдерді қолдауға да ерекше назар аударылды. «Zamran» отандық сусынын 10 мың студентке тегін тарату бастамасы жүзеге асырылды. Университеттің Агробиостанция өнімдері таныстырылып, мерекелік фудкортта 2000 келі палау мен 2500 келі бауырсақ ұсынылды. Бұл бастама университет қауымдастығының басын қосып, мерекелік көңіл күйді нығайтуға бағытталды.

Бағдарлама аясында «Almaty Nomad» саяхатшылар клубы «Тұран ТВ» телеарнасының қолдауымен жүзеге асырылатын «Мен осындамын. 1001 тарих» атты ауқымды автокөлік экспедициясын таныстырды. Жоба Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын, көрікті жерлері мен туристік әлеуетін кеңінен насихаттауға бағытталған.

Жәрмеңкенің маңызды бағыттарының бірі экологиялық бастамалар болды. Технопарк жанындағы «Экохаб» аумағында батареяларды қайта өңдейтін цехтың ашылуы экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде ұсынылды. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ECONETWORK, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, университет басшылығы мен академиктердің қатысуымен ағаш отырғызу шарасы ұйымдастырылды. Бұл бастамалар қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды тиімді басқару және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне назар аудартты.

Республика күніне арналған «Креативті және инновациялық идеялар» жәрмеңкесі ұлттық құндылықтарды, отандық кәсіпкерлікті, студенттік бастамалар мен экологиялық жауапкершілікті бір арнаға тоғыстырған маңызды мәдени-қоғамдық алаңға айналды. Іс-шара университет қауымдастығының бірлігін нығайтып, жастардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін танытуға, елжандылық пен азаматтық жауапкершілік құндылықтарын дәріптеуге үлес қосты.