«Алтыбақан» – ұлттық өнер мен дәстүрдің жарқын көрінісі» — ҚазҰУ

«Алтыбақан» – ұлттық өнер мен дәстүрдің жарқын көрінісі»

30 қазан 2026
«Алтыбақан» – ұлттық өнер мен дәстүрдің жарқын көрінісі»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің барлық факультеттерінің студенттері ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды дәріптеу, қазақ халқының салт-дәстүрлеріне деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында Алатау дәстүрлі өнер театрына барып, «Алтыбақан» ойын-сауық ән кешін тамашалады. Бұл мәдени сапар жастардың ұлттық өнермен жақынырақ танысуына, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері мен рухани мұрасының мәнін тереңірек түсінуіне мүмкіндік берді.

Кеш барысында қазақ халқының дәстүрлі әндері мен күйлері орындалып, ұлттық билер, ойындар және салт-дәстүрге негізделген сахналық көріністер ұсынылды. Әсем әуен, жарасымды әзіл-қалжың мен ұлттық өнердің үйлесімі студенттерге ерекше әсер қалдырып, қазақ ауылының думанды кешінің атмосферасын сезінуге мүмкіндік берді. Әсіресе, ұлттық нақыштағы қойылымдар мен халық шығармашылығының көркем үлгілері жастардың қызығушылығын оятып, қазақ мәдениетінің өзіндік ерекшелігі мен бай мазмұнын айқын көрсетті.

«Алтыбақан» кеші тек ойын-сауық бағдарламасы ғана емес, ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ұлттық болмысты дәріптейтін тағылымды мәдени шара ретінде ерекше мәнге ие. Осындай іс-шаралар арқылы жастардың бойында туған елінің тарихына, мәдениетіне және дәстүріне деген құрмет қалыптасып, ұлттық құндылықтарды сақтауға деген жауапкершілігі арта түседі.

Аталған мәдени іс-шара студенттердің эстетикалық талғамын дамытып, рухани дүниетанымын кеңейтуге, халқымыздың бай мәдени мұрасы мен салт-дәстүрлерін құрметтеуге ықпал етті. Алатау дәстүрлі өнер театрына ұйымдастырылған бұл сапар студенттер үшін ұлттық өнердің қадір-қасиетін тереңірек танытқан, тағылымы мол әрі әсерлі мәдени кеш болды.