Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов Қытайдағы Харбин инженерлік университетінің делегациясымен кездесті. Сапар халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығын жан-жақты дамыту бойынша мәселелерді талқылауға бағытталған.
Құрметті қонақтарды қарсы ала отырып, проректор университет қызметінің негізгі бағыттары туралы ақпарат берді. Сонымен қатар өз сөзінде проректор ҚазҰУ Қытай ЖОО-ларымен бірге ауқымды жобалар мен бастамаларды қарқынды іске асырып жатқанын атап өтті. Еркін Ерманұлы Азияның жетекші университеттерімен ғылым және білім бағытындағы әріптестік байланысты нығайтудың маңыздылығына тоқталып, ортақ инновациялық жобаларды әзірлеуге ҚазҰУ дайын екенін жеткізді.

Өз кезегінде Харбин инженерлік университеті халықаралық бөлім бастығының орынбасары Дин Син «211 Project» және «Double First – Class» ұлттық бағдарламаларына кіретін Қытайдағы жетекші инженерлік жоғары оқу орындарының бірі – Харбин инженерлік университеті туралы мәлімет берді. Оқу ордасы ядролық технологиялар, ақпараттық технологиялар және инженерлік физика саласындағы күшті ғылыми мектептерімен кеңінен танымал.

Тараптар сондай-ақ ядролық инженерия, атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.

Келіссөзден соң делегация мүшелері университеттің физика-техникалық факультетінде болып, Теориялық және ядролық физика кафедрасының инфрақұрылымымен, білім беру бағдарламаларымен және ғалымдардың инновациялық әзірлемелерімен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар