Кампустағы кампус: бір жылдан кейін

5 сәуір, 2016

Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасы Жапонияның бірқатар университеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Соның бірі – Цукуба университеті.

Цукуба университетімен 2009 жылдан бергі өзара байланыс осы оқу жылында да жандана түсті десек артық айтқандық емес. Нақтырақ айтсақ, 2015 жылдың 11 қараша күні факультетте «Campus in campus» жобасы аясында Жапония мен Орталық Азияны зерттейтін ғылыми-білім беру орталығы (Цукуба университетінің Алматыдағы кеңсесі) ашылып, Цукуба универсиетімен бірлесе ұйымдастырылған «Қазақстандағы жапонтану ғылымы: бүгіні мен болашағы» атты халықаралық ғылыми семинар өтті.

Биылғы оқу жылында да жылдағыдай кафедраның екі магистранты және бір студенті Цукуба университетінде тілдік тағылымдамадан өтіп жатыр. Кафедрада Цукуба университетінен арнайы шақыртумен келген профессор Т. Ниномия қызмет істейді. Сондай-ақ, екі университет арасындағы 2012 жылғы келісім-шартқа сәйкес үстіміздегі жылдың наурыз айында Цукуба университетінің студенттері ҚазҰУ-дың ЖОО-ға дейінгі дайындық факультетінде орыс тілінің 3 апталық курсынан өтуге келді. Осы жапон студенттеріне арнап жапонтану бөлімінің оқытушылары М.Т. Шадаева, С.К. Боранқұлова, У.А. Әмірбекова, А.М. Токкарина, Ж.Б. Амантай арнайы курс ұйымдастырып, қазақ халқының тілі мен мәдениеті жайлы жапон тілінде дәрістер өткізді. Ал 25 наурыз күні Цукуба университеті және Токио шет тілдер университетінің студенттері мен жапонтану бөлімінің студенттері арасында «Қазақстан мен Жапонияның әлеуметтік мәселелеріндегі гендерлік аспект» атты халықаралық студенттік форум өтті.

Форумның негізгі мақсаты - «Campus in Campus» жобасы аясындағы серіктес екі университет студенттерінің өзара тығыз қарым-қатынасын орнату. Форумды шығыстану факультетінің деканы профессор Б.Н.Жұбатова құттықтау сөз сөйлеп ашып, Цукуба университетінен келген жапон студенттеріне курс бітіргені жайлы сертификат тапсырды. Форум барысында студенттер жапон және орыс тілдерінде дайындаған презентацияларын таныстырып, оның арты қызықты дисскуссияға ұласты. Форум соңында жапонтану бөлімінің студенттері қонақтарға арнап домбырамен күй тартып, жапонша ән шырқап берді. Екі университет арасындағы қарым-қатынас осындай іс-шаралармен нығая түсетіні анық.