ҚазҰУ профессорының кітабы халықаралық байқауда үздік деп танылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, танымал зерттеуші Лейла Ахметованың «Панфиловшылар: біздің мақтанышымыз, біздің даңқымыз» атты кітабы Мәскеуде өткен «Ұлы Жеңістің жаңғырығы» атты халықаралық конкурсының жеңімпазы атанды. Жоғары жетістік Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты форум аясында табысталды.
Орыс сөз өнері қоғамы мен Орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдері қауымдастығының бастамасымен өткен бұл байқауда Жеңіс тақырыбына арналған үздік монографиялар сараланды. Қазақстан атынан қатысқан тарих ғылымының докторы, профессор Лейла Ахметованың еңбегі сарапшылар тарапынан жоғары бағаланып, басты жүлдеге лайық деп танылды.
Марапаттау рәсімінде ҚазҰУ ғалымын Орыс сөз өнері қоғамының төрағасы, Мәскеу және бүкіл Русь патриархы Кирилл, сондай-ақ М.Ломоносов атындағы ММУ ректоры Виктор Садовничий арнайы құттықтап, Л.Ахметованың еңбегін тарихи шындықты сақтауға қосқан маңызды үлес ретінде атап өтті.
Айта кетсек, халықаралық конкурс М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде өткен «Тарихи шындықтың сөзі» атты халықаралық ғылыми-педагогикалық форум шеңберінде ұйымдастырылды. Оған ТМД елдерінің жетекші ғалымдары қатысты. Биылғы форум тарихи мұраны сақтау және ерлік дәстүрлерін насихаттауға бағытталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар